Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавл қаласында республикалық «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы аясында көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің ескерткіші тазартылып, абаттандырылды

Петропавл қаласында республикалық «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы аясында көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің ескерткіші тазартылып, абаттандырылды

by Камилла Кәрім

views 77
cover

Петропавл қаласында көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповке арналған ескерткіш тазартылып, абаттандырылды. Сенбілік ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы аясында өтті. Бұл бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқанының бір бөлігі болып табылады, деп хабарлады SKO24.kz.

Аталған акция Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және абаттандыру. Петропавлдағы сенбілікке үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер, белсенді азаматтар мен жастар қатысты.

«Бұл сенбілік бір реттік шара емес, тарихи нысандарды сақтау мен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Қазіргі таңда біз Ғабит Мүсірепов ескерткішінің жанында тұрмыз. Оның тарихи тұлға екенін, көрнекті шығармаларымен танылғанын бәріміз жақсы білеміз. Сенбілік – тек аумақты тазарту ғана емес, ұлы тұлғаларға деген құрмет пен туған қалаға деген жанашырлықтың белгісі», – деді Солтүстік Қазақстан облысы «Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Асель Есжанова.

Ауқымды тазалық жұмыстарына шамамен 20 адам қатысты. Қажетті құрал-жабдықтарды алып, қатысушылар өткен жылдан қалған жапырақтарды жинап, қоқысты тазалап, ескерткішті шаң мен кірден мұқият тазалады. Абаттандыру жұмысына үлес қосқандардың бірі – СҚО бойынша «Birgemiz» еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова.

«Біз, жастар мен еріктілер қауымдастығының өкілдері ретінде, бұл сенбіліктен тыс қала алмадық және қуана қатыстық. Мұндай шаралар біз үшін жақсы дәстүрге айналды: біз тек өзіміз ұйымдастырып қана қоймай, басқа да бастамаларды қолдап, тазалық жұмыстарына қатысамыз. Осындай акциялар өте маңызды, себебі олар экологияға қамқорлық пен мәдениетке деген құрметті біріктіреді», – деді Анастасия.

Осындай акциялар бүгін бүкіл ел бойынша басталды. Солтүстік Қазақстан облысында ескерткіштерді тазалау және тарихи орындарды абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.