Петропавлда «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты ауқымды форум-семинар өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов, депутаттар, мемлекеттік органдар, коммуналдық қызмет өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және МИБ пен ПИК төрағалары қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.

Форум барысында өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің жаңа жолдары талқыланды. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 1 920 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 1 227-сі Петропавл қаласында орналасқан. Өңірде 502 МИБ және 198 ПИК тіркелгенімен, тұрғын үйлердің тек үштен бірі ғана басқарудың жаңа форматына толық көшкен. Көптеген үйлер әлі де өтпелі кезеңде немесе ескі басқару жүйесімен жұмыс істеуде.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғын үй реформасы бір реттік науқан емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – адамдармен, үйлермен және заңнамамен күнделікті жұмыс жүргізуді талап ететін ұзақ мерзімді процесс. Әкім мемлекет жағдай жасап, бизнес тиімді шешімдер ұсынып, ал меншік иелері өз үйлеріне жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты. Сондай-ақ ол Солтүстік Қазақстан облысы көпқабатты үйлерді басқару жүйесі ашық, кәсіби әрі тұрғындарға түсінікті өңірге айналуы тиіс екенін жеткізді.
«AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов тұрғын үйді тиімді басқару азаматтардың өмір сапасы мен әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, партия МИБ пен ПИК төрағаларын қолдау мақсатында «OSI-SKILLS» оқыту бағдарламаларын іске қосып, қалалық кеңестер құруды және әкімдіктермен өзара байланысты күшейтуді жоспарлап отыр.
Форумда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жүйелі проблемалар да көтерілді. Атап айтқанда, тұрғын үй қорының тозуы, күрделі жөндеуге арналған қаражаттың жеткіліксіздігі, білікті мамандар тапшылығы және тұрғындардың белсенділігінің төмендігі сөз болды. Қоғамдық кеңес мүшесі әрі ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков реформаға қатысты өтпелі кезеңнің аяқталуына екі ай ғана қалғанын еске салды. 2026 жылғы 16 шілдеге дейін барлық ескі кооперативтер қайта тіркеуден өтіп, сервистік ұйым мәртебесіне көшуі тиіс. Әйтпесе, жүздеген заңды тұлғаны мәжбүрлі түрде тарату қаупі туындайды.
Спикерлердің айтуынша, реформаның баяу жүруіне ақпараттың жеткіліксіздігі, құжат жинау барысының күрделілігі және тұрғындардың енжарлығы себеп болып отыр. Сонымен қатар Петропавлда 205-тен астам ескі әрі тозығы жеткен үй бар екені айтылды. Ал тұрғын үйді күтіп-ұстауға бекітілген ең төменгі тариф – бір шаршы метрге 55,2 теңге – көптеген үйлердің қажетті шығындарын толық жабуға жетпейді.
МИБ төрағасы Азамат Қасенов өз сөзінде басқарушылардың күнделікті үлкен психологиялық және құқықтық жүктемемен жұмыс істейтінін айтты. Оның пікірінше, тұрғындар арасында ортақ шешімге келе алмау жиі жанжал мен түсініспеушілікке әкеледі. Сондықтан бүгінгі таңда жауапкершілік пен сенім мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту үшін үш негізгі бағыт қажет екенін атап өтті: қаржының ашықтығы, кәсіби басқару және цифрландыру. Азамат Қасенов өз тәжірибесінде арнайы мобильді қосымша енгізілгенін айтып, оның тұрғындарға есептердің ашықтығын бақылауға және онлайн дауыс беруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сонымен қатар форумда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, заңнаманы жетілдіру және кәсіби басқарушыларды даярлау мәселелері кеңінен талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, өңірде сертификатталған басқарушылар жетіспейді, ал тұрғындар тарапынан тарифтердің өсуіне қатысты сенімсіздік сақталып отыр. Бұған қоса, техникалық құжаттардың жоғалуы, кондоминиумдарды рәсімдеудегі қиындықтар және коммуналдық желілердегі ақаулар да өзекті мәселе ретінде көтерілді.
Форум қорытындысында бірқатар ПИК төрағалары «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының үздік мамандары алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Іс-шарадан кейін тұрғындар мен басқарушылар коммуналдық мекемелер мен мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, тұрғын үйді жаңғырту мен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысты кеңестер алды.