29 шілдеде Халықаралық жолбарыс күні атап өтіледі
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
Бүгінде Қазақстан табиғатты қорғау саласындағы ең маңызды жобалардың бірі – Тұран жолбарысын өзінің табиғи мекендеу ортасына қайтару жобасын жүзеге асыруда. Бұл – жойылып кеткен түрді қалпына келтіру ғана емес, тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қайта жаңғырту. Бұл туралы 29 шілдеде атап өтілетін Халықаралық жолбарыс күніне орай Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады, деп жазады SKO24.kz.
Бұл жұмыста «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты маңызды рөл атқарады. Мұнда жолбарыстың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасау, оның қоректік базасын сақтау және биоалуантүрлілікті қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы Нидерландтан, ал 2026 жылы Ресей Федерациясынан амур жолбарыстары жеткізілді. Қазіргі уақытта резерваттағы арнайы қоршаулы бейімдеу кешенінде барлығы алты жолбарыс жерсіну кезеңінен өтуде. Бұл – Тұран жолбарысын өзінің тарихи мекеніне қайтару жобасының негізгі кезеңдерінің бірі.
«Бір кездері Тұран жолбарысы Қазақстанның кең даласының нағыз иесі, күштің, еркіндіктің және жабайы табиғаттың символы болған. Алайда уақыт өте келе бұл айбынды жыртқыш өзінің тарихи мекенінен жойылып кетті. Жолбарыс – жай ғана жыртқыш емес. Ол – экожүйенің саулығының, табиғаттың қуаты мен үйлесімінің белгісі. Жолбарыс мекендеген жерде жабайы табиғаттың табиғи тепе-теңдігі сақталады», – деп мәлімдеді Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Министрлік табиғатты қорғау және биоалуантүрлілікке ұқыпты қарау – болашақ ұрпақтың әл-ауқатының кепілі екенін атап өтті. Осындай бастамалар мемлекеттің экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігінің жаңа деңгейін көрсетеді.
Бөлісу