Басты бет Қазақстан жаңалықтары «Ақ жол» партиясы ҚР жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты мәлімдеме жасады

«Ақ жол» партиясы ҚР жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты мәлімдеме жасады

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 4
cover

Қазақстанда жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Бұл елдегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың басталуын білдіретін тарихи оқиға екенін «Ақ жол» демократиялық партиясы мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Партия өкілдері қазақстандықтарды осы маңызды оқиғамен құттықтап, жаңартылған Конституция нормаларын іс жүзінде жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.

Ресми мәлімдемеде Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің бастау нүктесі екені атап өтілген. Осы сәттен бастап Конституция нормалары елде қабылданатын барлық шешімдердің негізіне айналып, мемлекеттік саясаттың басты бағытын айқындауы тиіс.

«Ақ жол» демократиялық партиясының пікірінше, Жаңа Конституцияда партия ұзақ жылдар бойы, соның ішінде Конституциялық комиссия жұмысы барысында тұрақты түрде қолдап келген негізгі құндылықтар нақты бекітілген. Жаңартылған Негізгі заңда парламентаризмді одан әрі дамыту, саяси бәсекелестікті нығайту, тәуелсіз сот төрелігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке меншікке қол сұқпаушылықты, экономикалық еркіндікті және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін қорғау қағидаттары көрініс тапқан.

«Біз еліміздің одан әрі дамуы демократиялық институттарды нығайтпайынша, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырмайынша және заң үстемдігі қағидатын мүлтіксіз сақтамайынша мүмкін емес екеніне сенімдіміз», – делінген «Ақ жол» партиясының мәлімдемесінде.

Партия өкілдері құқықтық реформалармен қатар қоғамдық сананың сапалы өзгеруінің маңыздылығына да назар аударды. Мемлекетте жүргізіліп жатқан реформалар қайтымсыз болып, нақты нәтижесін беруі үшін олардың берік моральдық негізі әділдік, жауапкершілік, заңдылық, жасампаз еңбек және шынайы патриотизм қағидаттарына сүйенуі қажет. Сонда ғана реформалар Қазақстанның тұрақты әрі кезең-кезеңімен дамуын қамтамасыз етеді.

Мәлімдеме соңында «Ақ жол» демократиялық партиясы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қазақстандық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыратынын растады.

Партия Жаңа Конституция әділетті, құқықтық әрі қуатты Қазақстанды құруға қуатты серпін беретініне сенім білдіріп, елімізге бейбітшілік, бірлік және қазіргі әрі келер ұрпақтың игілігі жолындағы тұрақты дамуды тіледі.

Бөлісу