Басты бет Қазақстан жаңалықтары Алматыдағы шахмат чемпионатында әлемнің 16 университеті бақ сынауда

Алматыдағы шахмат чемпионатында әлемнің 16 университеті бақ сынауда

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 4
cover

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Алматыда шахматтан бірден екі ірі халықаралық жарыс – FIDE World University Team Chess Championship финалы мен Қазақстан және әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы матч басталды. 4–9 тамыз аралығында өтетін додаға әлемнің 16 жетекші университетінің командалары, оның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард университеттерінің шахматшылары қатысады. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Almaty Management University қорғайды, деп хабарлайды SKO24.kz Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева турнирдің халықаралық маңызын атап өтті.

«Бүгін Қазақстан әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының атынан келген үздік жас шахматшылар тоғысатын орталыққа айналып отыр. Бұл чемпионат тек медаль үшін өтетін жарыс емес, сонымен қатар пікір алмасуға, білім бөлісуге, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаң», – деді Аида Балаева.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматтың білім беру жүйесіндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде бес педагогикалық жоғары оқу орнында 200-ден астам студент «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Сонымен қатар еліміздегі 31 жоғары оқу орнында шахмат білімін қамтитын оқу бағдарламалары іске асырылуда. Министрдің сөзінше, бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – QyzPU базасында KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасының ашылуы.

«Шахмат – жай ғана интеллектуалдық ойын емес. Ол сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілік пен стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан шахматты оқу үдерісіне кәсіби деңгейде енгізе алатын педагогтарды даярлау – еліміздің адами капиталы мен зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызды міндет», – деді министр.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, турнирдің Алматыда өтуі Қазақстанның және ұлттық федерацияның әлемдік шахмат қауымдастығындағы беделін айқындай түседі.

«Тарихқа көз жүгіртсек, шахмат Үндістанда пайда болып, Парсыда дамыды. Кейін Ұлы Жібек жолы арқылы әлемге тарады. Сол жолдардың бірі дәл Алматы маңынан өткен. Мың жарым жылдан кейін шахмат тарихи тоғыс нүктесіне қайта оралып отыр. Бұл – Қазақстанның әлемдік шахматтағы орнының нығайғанының айқын көрінісі. Сонымен қатар студенттік шахматты дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Өйткені университет қабырғасында қалыптасқан байланыстар кейін ғылымда, білімде және халықаралық жобаларда жалғасады», – деді Тимур Турлов.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахим Алматыда 236 мыңнан астам студент білім алатынын атап өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастардың басын қосқан чемпионаттың дәл осы қалада өтуі ерекше символдық мәнге ие екенін айтты.

2026 жылғы 1 тамыздағы орташа рейтинг бойынша турнир фавориттері қатарында Saint Louis University (2577), Ural State Mining University (2514), University of Texas at Dallas (2441) және Қазақ ұлттық спорт университеті (2420) бар.

Қазақстандық командалардың құрамы: Қазақ ұлттық спорт университеті – GM Қазыбек Нөгербек (2495), IM Сәтбек Ахмединов (2400), IM Арыстан Исанжулов (2385), IM Меруерт Камалиденова (2400), Әлішер Мажкенов (2180); әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – FM Ерлан Тілеуханов (2296), Бекарыс Тұрсынәлі (2024), Сұлтан Аманжол (1982), WCM Әсель Лесбекова (1954, Қырғызстан), Дарина Ақпанбетова (1569); AlmaU – FM Жәңгір Бижігітов (2272), Диас Әлімбетов (2149), FM Нұрасыл Жұмабек (2025), Нұрай Еркінбек (1502), Әнуар Уәлихан (1648).

Сонымен қатар 4–5 тамыз күндері Қазақстан мен әлемнің 8–18 жас аралығындағы жасөспірімдер құрамалары арасында матч өтеді. Жарыс ұлдар мен қыздар арасында жеке өткізіліп, алдымен рапид, кейін блиц форматында ұйымдастырылады. Матчтың жалпы жүлде қоры – 15 миллион теңге.

Жарысты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Бөлісу