Астанада «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті
Бөлісу
Фото: официальный информационный ресурс Премьер-министра РК
Астанада «Хабар» агенттігінің ағза трансплантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірін сақтап жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндайтын «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл туралы SKO24.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлады.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, танымал дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, трансплантация жасалған азаматтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ фильм авторлары мен кейіпкерлері қатысты.
Премьераны ашқан Айда Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығын елдің басты құндылығы ретінде айқындап отырғанын атап өтті. Президент Қазақстанда ағза трансплантациясының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби деңгейін бірнеше рет ерекше айтқан. Бүгінде қазақстандық мамандар заманауи технологияларды, тыңғылықты дайындықты және үйлесімді командалық жұмысты қажет ететін аса күрделі операцияларды сәтті орындауда.
«Жаңартылған Конституцияда өмір сүру құқығы әр адамның ажырамас әрі бөлінбейтін құқығы ретінде бекітілген, ал азаматтардың денсаулығын қорғау құқығына кепілдік берілген. Бұл қағидалар мемлекеттің жауапкершілігін айқындайды: денсаулық сақтау жүйесі өмірді сақтап қалу үшін профилактикадан, уақтылы диагностикадан бастап жоғары технологиялық емдеу мен трансплантацияға дейінгі барлық мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Үкімет трансплантация жүйесін дамыту, медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін нығайту және қоғамды ақпараттандыруды жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау – біздің басты басымдығымыз», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Фильмнің атауы да ерекше мәнге ие – 4739. Бұл – бүгінде ағза трансплантациясын күтіп тұрған адамдардың саны. Олардың басым бөлігі үшін ағза ауыстыру – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Жыл сайын 350-ден астам науқас қажетті операцияға қол жеткізе алмай, көз жұмады. Сонымен қатар елімізде жасалатын трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жүзеге асады, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайыздан да төмен.

Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалды. Оның әрбір төртіншісі 2025 жылға тиесілі. Тек өткен жылы ғана бүйрек, бауыр, жүрек және өкпеге 310 трансплантация жасалған. Сонымен қатар балалар трансплантологиясы да қарқынды дамып келеді. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалып, жоғары технологиялық медициналық көмектің жаңа кезеңі басталды.
Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын 172 283 азамат білдірген. Оның ішінде 16 109 адам келісім берген болса, 156 174 азамат бас тартқан.
Халықтың ақпараттану деңгейін арттыру және қоғамда ашық пікірталас қалыптастыру болашақта көптеген азаматтың саналы шешім қабылдауына ықпал етіп, бүгін трансплантацияны күтіп отырған жандарға өмір сыйлауы мүмкін.
24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірген картина пациенттердің, олардың жақындарының және медицина қызметкерлерінің шынайы оқиғалары арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, үміттің күші және дер кезінде қабылданған шешімнің маңызы туралы ой қозғайды. Фильм ағза трансплантациясы мәселесі бойынша қоғамда ашық әрі өзара құрметке негізделген пікір алмасуға жол ашуды мақсат етеді.
Деректі фильм 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетіледі.
Бөлісу