Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылу рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылу рәсіміне қатысты

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 6
cover

Фото: Пресс-служба Президента РК

Қазақстан астанасында классикалық спорт пен цифрлық технологияларды тоғыстырған халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды SKO24.kz.

Жарыстар 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді және Қазақстан жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ұлы даланың астанасы бұл эстафетаны Қазан мен Әбу-Дабиден қабылдады. Биылғы турнирге әлемнің 34 елінен 800-ден астам қатысушы жиналды. Олар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-билер, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds сияқты сегіз дисциплина бойынша бақ сынайды. Ашылу салтанаты әсерлі театрландырылған қойылыммен және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен көркемделді.

Қазақстан Президенті өз сөзінде турнирдің халықаралық достықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, шетел мемлекеттерінің басшыларына алғысын білдірді. Атап айтқанда, арнайы бейнеүндеу жолдап, жобаның дамуына үлес қосқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге, сондай-ақ Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке және Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа ризашылығын жеткізді.

«Ойындардың әрбір қатысушысы тыңғылықты дайындықтан өтіп, өз командасының намысын лайықты түрде қорғап отыр. Жарыс барысында өздеріңіздің үздік қасиеттеріңізді көрсетіп, жаңа достар тауып, бірлескен перспективалы жобалардың бастамасын жасайсыздар деп сенемін. Өйткені “Болашақ ойындарының” басты миссиясы – адамдарды біріктіріп, оларды жаңа жетістіктерге шабыттандыру. Үлкен спорт әрдайым түрлі мәдениеттердің үндесуіне, халықтар мен мемлекеттердің жақындасуына қызмет етіп келеді. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер күшейген қазіргі кезеңде “Болашақ ойындары” сияқты бірегей жобалардың маңызы бұрынғыдан да арта түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды. Елде цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң қабылданғанын, 1 шілдеден бастап азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғайтын жаңартылған Конституция күшіне енгенін айтты. Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасы аясында жүздеген мың жас заманауи біліктілікке ие болғанын атап өтті. Биыл күзде Астанада жасанды интеллект университеті ашылып, халықаралық нейрожелілік фильмдер фестивалі өтеді. Ал келесі жылы елорда киберспорттан әлем чемпионатын қабылдайды.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымдастырушыларға, еріктілерге және жаттықтырушылар құрамына алғыс айтып, спортшыларға жарқын жеңістер тіледі. Осыдан кейін Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирін ресми түрде ашық деп жариялады.

Бөлісу