Басты бет Қазақстан жаңалықтары Астанада Ұлттық архивтің 20 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Астанада Ұлттық архивтің 20 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 6
cover

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік архив мекемелерінің басшылары мен сарапшылар қатысты. Бұл туралы SKO24.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Конференцияның ашылуында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президент архив қызметкерлері мен сала ардагерлерін Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, олардың елдің тарихи мұрасын сақтаудағы еңбегін жоғары бағалады.

Құттықтау хатында Ұлттық архив қорында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңдерін айғақтайтын құнды құжаттар жинақталғаны атап өтілген. Сондай-ақ архив мамандарының шетелдік қорлардан тарихи құжаттарды іздеп тауып, елге қайтару бағытындағы жұмысының нәтижесінде архив қоры XIV ғасырдан бергі бірегей деректермен толыққаны айтылды.

Аида Балаева өз сөзінде архив ісі бүгінгі күні тарихи мұраны сақтаумен қатар, елдің рухани негізін нығайтатын маңызды институтқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне «Ұлттық» мәртебе беріледі.

Мерейтой аясында архив саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен мамандар Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар Ұлттық архивте «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты құжаттық көрме ашылды.

Қазіргі таңда еліміздегі 237 мемлекеттік архивте Ұлттық архив қорының 30 миллионға жуық құжаты сақтаулы. Архив саласында 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді.

Соңғы жылдары архивтерді цифрландыру жұмыстары қарқын алды. Ұлттық архивтегі цифрландырылған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар құжаттарды қабылдау, сақтау және азаматтардың сұрауларын өңдеуге арналған «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі енгізілді.

Конференция барысында қатысушылар архив қорларын толықтыру, құжаттарды ғылыми жариялау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін талқылады. Жиын қорытындысы бойынша архив саласын одан әрі дамытуға бағытталған қарар қабылданып, бірқатар ұсыным әзірленді.

Бөлісу