Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстан армиясындағы жағдайға Мемлекет басшысы қатаң баға берді

Қазақстан армиясындағы жағдайға Мемлекет басшысы қатаң баға берді

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 36
cover

Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт уақытта сарбаздардың өмірін қиған қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын айтты.

Президент оқу-жаттығудың мән-жайын ғана емес, оның қандай негізде жоспарланғанын және қойылған міндеттердің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды тапсырды.

«Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы оқу-жаттығудың кім тарапынан әзірленіп, бекітілгенін, Бас штабтың рөлі қандай болғанын және үйлестіру жұмыстарына не себепті тиісті деңгейде мән берілмегенін сұрады.

«Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке құрамның қауіпсіздігіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер қажетті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген.

Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскери қызметшілерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға беруге тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тартылатын тұлғалардың шеңберін айқындайды.

Президент әскери қызметшілердің лауазымы мен шені жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайтынын атап өтті.

«Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылданғанын хабарлап, Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Айдос Сәкенұлы Мырзахметовті таныстырды.

«Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс», – деді Президент.

Бөлісу