Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты

Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 7
cover

Қазақстан мен Әзербайжан алғаш рет Каспий теңізінің түбімен өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы телекоммуникациялық желілерін біріктірді. Жобаның іске қосылуына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қатысты. Бұл туралы SKO24.kz Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа инфрақұрылым Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жеткізудің қосымша бағытын ашып, Қазақстанның халықаралық цифрлық транзиттегі рөлін нығайтады.

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі Қытайға шығатын мүмкіндігі бар Қазақстанның құрлықтағы желілерін Әзербайжан инфрақұрылымымен, одан әрі Кавказ және Еуропа желілерімен байланыстырады. Осылайша, халықаралық деректер трафигін жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтетін және қолданыстағы байланыс арналарының резервін қамтамасыз ететін жаңа бағыт қалыптасып отыр.

Қазақстан үшін бұл желінің іске қосылуы халықаралық байланыстың тұрақтылығын арттырып, жаһандық интернет желісіне шығу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Балама бағыттың болуы байланыс операторларына деректер ағынын тиімдірек бөлуге және жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайтуға көмектеседі. Ал өңір үшін жоба Азия мен Еуропаның ірі нарықтары арасындағы цифрлық транзитті дамытуға жол ашады.

Суасты кабелінде 64 оптикалық талшық бар. Желінің жобалық өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады. Мұндай қуат деректерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға және жоғары жылдамдық пен сенімді байланысты қажет ететін сервистерді дамытуға негіз болады.

Жаңа бағыт Қазақстанда деректер орталықтарын, бұлтты платформаларды және жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын орналастыру мүмкіндіктерін де кеңейтеді. Халықаралық технологиялық компаниялар үшін деректерді жеткізу арналарының жоғары сыйымдылығы мен сигнал кідірісінің төмен болуы маңызды факторлардың бірі саналады.

Ұсынылған техникалық көрсеткіштерге сәйкес, Ақтау — Ыстанбұл бағыты бойынша сигналдың кідірісі 34 миллисекундты құрайды.

Халықаралық байланыс мүмкіндіктерінің дамуы Қазақстанның деректер транзитін ғана емес, оларды сақтау және өңдеу бойынша өз қызметтерін де кеңейтуіне жағдай жасайды. Бұл отандық технологиялық компаниялардың сыртқы нарықтарда жұмыс істеу мүмкіндіктерін арттырып, цифрлық инфрақұрылымға инвестиция тартуға ықпал етеді.

Болжам бойынша, жаңа бағыттың іске қосылуы нәтижесінде алдағы жылдары транзиттік трафик көлемі екі еседен астам өсіп, секундына 21,6 терабитке жетуі мүмкін.

Жобаның белсенді жұмыстары 2025 жылы басталып, желі екі жылдан аз уақыт ішінде іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін теңіз түбіне зерттеу жүргізіліп, кеме қатынасы, әскери және мұнай-газ қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып, кабель бағыты келісілді. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен кабель төсеу бойынша күрделі техникалық жұмыстар орындалды.

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуы Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен жұмысының нәтижесі және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Бөлісу