Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылды
Бөлісу
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылды, деп хабарлайды SKO24.kz, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексерудің негізгі мақсаты – министрліктегі жағдайды, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы ахуалды жан-жақты зерделеу.
Комиссияны Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Комиссия төрағасының орынбасары болып Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды.
Комиссия құрамына сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы Мұрат Баймұқашев, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин енгізілді.
Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауға тиіс.
Өкім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бөлісу