Қазақстанда бағаның маусымдық төмендеуі байқалуда
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
2026 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап SKO24.kz хабарлады.
Бір апта ішінде картоп бағасы 2,8%-ға, қызанақ 2,4%-ға, алма 1,9%-ға, қияр 1,2%-ға арзандады. Сондай-ақ сәбіз, қаймақ және қара шайдың бағасы 0,2%-ға, ал тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, айранның бағасы 0,1%-ға төмендеді.
Сонымен қатар бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, жылқы еті, сүйекті сиыр еті және сүттің бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бойынша бағаның төмендеуі Павлодарда 0,4%-ға, Алматы, Шымкент және Ақтауда 0,2%-ға, Қонаев пен Қостанайда 0,1%-ға тіркелді. Ал Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы 495 теңге/кг болды. Ең төменгі баға Тараз қаласында тіркелді — 339 теңге/кг.
Картоптың орташа бағасы 275 теңге/кг, ал ең төменгісі Түркістанда — 219 теңге/кг болды.
І санаттағы жұмыртқаның (10 дана) орташа бағасы республика бойынша 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Баға мониторингі барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада жүргізіледі.
Бөлісу