Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстанда ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі құрылды

Қазақстанда ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі құрылды

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 4
cover

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Іскерлік кеңестің құрылғанын көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындаған көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралды.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, қуатты бизнес пен мемлекет, кәсіпкерлер және сарапшылар қоғамдастығы арасында тұрақты өзара ықпалдастық болмайынша, экономика орнықты дами алмайды. Сондықтан «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі диалог құруға және ортақ шешімдер әзірлеуге арналған тұрақты алаңға айналады.

«Біз үшін бизнес – тұтас экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерлер тәуекелге бел буып, жаңа жобаларды іске асырады, өндіріс орындарын ашады және елдің дамуына үлес қосады. Әрбір кәсіпорын – бұл жаңа жұмыс орындары, отбасылардың табысы және бюджетке түсетін салық. Ал сол салықтар есебінен мектептер, ауруханалар мен жолдар салынып, әлеуметтік инфрақұрылым дамиды. Осылайша, тұтас өңірлердің тұрақты дамуына негіз қаланады», – деді ол.

Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы ең ірі көлік-транзиттік хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Былтырғы қорытынды бойынша сала 20,4%-ға өсіп, оның ЖІӨ-дегі үлесі 6,1%-ға жетті, ал транзиттік тасымал көлемі 39 млн тоннадан асты.

Партия төрағасының айтуынша, көлік пен логистика – экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің бірі. Ал транзит өзіндік табысы, экономикаға қосатын үлесі және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын дербес экономикалық салаға айналып келеді.

«Транзит енді тек жолдар, теміржолдар мен терминалдар мәселесі ғана емес. Бұл – отандық өндірісті дамытуға, экспорт көлемін арттыруға және еліміздің барлық өңірінде жаңа табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік. Біз үшін бұл тек жүк тасымалданатын бағыт емес, экономиканың жаңа даму нүктесі», – деді Айбек Дәдебай.

«Қазақстан Автокөлікшілер Одағы» ЗТБ атқарушы директоры Мұрат Амрин көлік саласы партиямен тұрақты диалог орнатуға және заңнамалық бастамаларды бірлесіп әзірлеуге мүдделі екенін атап өтті.

«Көлік бизнесі «Әділет» партиясының бағытын қолдайды, себебі ол әділдік, ашық диалог және еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді іс жүзінде шешу қағидаттарына негізделген. Дәл осындай тәсіл экономиканың белсенді қатысушыларын партия төңірегіне топтастырып, салаларды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Мұрат Амрин.

Кездесуге қатысушылар теміржол тарифтерін қалыптастыру, инвестиция тарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын, жүк авиациясын дамыту және саланы одан әрі цифрландыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастық моделіне ерекше назар аударылды.

«Сонымен қатар, бизнес дегеніміз тек кәсіпорындар ғана емес, ең алдымен сол кәсіпорындарда еңбек ететін адамдар. Сондықтан біз үшін еңбек ұжымдары, мамандар мен инженерлік кадрлар кездесетін мәселелерді анықтап, оларды шешу маңызды. Міндеттер нақты болуы тиіс: мемлекет базалық инфрақұрылымды дамытып, ойын ережелерін белгілейді, ал бизнес инвестиция салады, қызмет көрсетеді және жүк ағыны үшін бәсекеге түседі», – деп түйіндеді партия төрағасы.

Іскерлік кеңестің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін экономиканың түрлі салаларын қамтитын жеті тең төраға бекітілді. Олардың қатарында Qarmet және Allur Group жетекшісі Андрей Лаврентьев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, кәсіпкер Геннадий Зенченко, Қазақстан инвесторлар одағының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко, сондай-ақ ERG менеджерлер кеңесінің мүшесі және Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы Шахмұрат Мүтәліп бар.

Кездесу қорытындысы бойынша Айбек Дәдебай Іскерлік кеңестің кәсіпкерлікті қолдау, экономиканың түрлі салаларын дамыту және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты жетілдіруге бағытталған бастамаларды әзірлейтін тұрақты жұмыс алаңына айналатынын атап өтті.

Бөлісу