Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 100 мыңнан астам адам тіркелді
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркеу басталғанына небәрі бес күн болғанына қарамастан, оған 100 мыңнан астам адам қосылды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Марафонға қатысушыларды тіркеу 2 қыркүйекте ресми платформада басталған. Алғашқы күндердегі белсенділік қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін және оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау бар екенін көрсетіп отыр.
Қатысушылар саны бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Өңірден марафонға шамамен 44 мың адам тіркелген. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 16 мыңға жуық болса, Батыс Қазақстан облысынан шамамен 10 мың адам қатысуға ниет білдірген.
Осылайша, марафонның алғашқы бес күнінде белгіленген нысаналы көрсеткіштің 10 пайыздан астамы орындалды.
Марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. Қазіргі таңда ең көп қатысушы «Кітап оқитын мектеп» бағытына тіркелген — 51 148 адам. «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша 23 435 адам қатысуда.
Сонымен қатар «Кітап оқитын колледж» бағытына — 11 061, «Кітап оқитын зияткер» бағытына — 8 332, «Кітап оқитын университет» бағытына — 4 692, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытына — 3 181 және «Кітап оқитын әулет» бағытына 1 716 адам тіркелген.
«Марафонның алғашқы күндерінен бастап осыншама көп қатысушының басын қосуы біз үшін аса маңызды. Бұл көрсеткіштің артында мектеп оқушылары мен педагогтер, отбасылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер, белсенді оқырмандар және түрлі кәсіби салалардың өкілдері тұр. Бұл кітап оқуға деген қызығушылықтың әртүрлі буын мен өңір тұрғындарын біріктіретінін көрсетеді. Өңірлер тарапынан белсенділікті байқап отырмыз және тіркеу аяқталғанға дейін марафонға қатысушылар саны одан әрі арта түседі деп сенеміз», — деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.
Марафонға қатысу үшін тіркелу 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған мектеп оқушылары, педагогтер, студенттер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және кітап оқудың құндылығын қолдайтын барлық азамат қатыса алады.
Марафонның негізгі мақсаты — кітап оқуды білім алудың, зияткерлік дамудың және заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі ретінде насихаттау.
Бөлісу