Қазақстанда прокуратура органдары қайтарған активтер есебінен 350 әлеуметтік нысан салынды
Бөлісу
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов қадағалау органының тәжірибелі қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында ол прокуратура ардагерлерімен «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру және бірқатар стратегиялық міндеттерді талқылады. Сондай-ақ жастарды тәрбиелеу мәселесіне де ерекше назар аударылды, деп хабарлайды SKO24.kz Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Кездесуді ашқан Бас прокурор прокуратура органдары Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық диалогты дамыту және «Заң және Тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары болып табылады.

Жиында Мемлекет басшысы прокуратура органдарының алдына қойған міндеттердің орындалуына ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда мемлекетке заңсыз шығарылған 1,3 триллион теңге көлеміндегі активтер қайтарылды. Осы қаражаттың есебінен 350 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.
Олардың қатарында: 179 сумен жабдықтау нысаны, 159 денсаулық сақтау мекемесі, 6 білім беру нысаны, 3 спорттық нысан, 2 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 1 көлік инфрақұрылымы нысаны бар.
«Қазынаға қайтарылған әрбір теңге – нақты адамдар сезінетін әділдіктің қалпына келуі. Бұл – жаңа мектептерде білім алып жатқан балалардың, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылардың игілігі», – деді Берік Асылов.
Кездесуде прокуратура органдары 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп отырғаны айтылды. Бұл жобалар жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға бағытталған. Биылдың өзінде 42 жаңа өндіріс іске қосылып, шамамен 3 мың жұмыс орны ашылды.
Бас прокурор прокуратура ардагерлерінің жастарды тәрбиелеудегі және «Заң және Тәртіп» идеясын насихаттаудағы рөлін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, прокуратураның бастамасымен және Мемлекет басшысының қолдауымен мектептер мен колледждерде «Заң және Тәртіп» пәні енгізілді. Талғар ауданындағы бірнеше білім беру ұйымында жүзеге асырылған пилоттық жобаға 8 мыңнан астам оқушы қатысты. Прокуратура және полиция ардагерлерінің қатысуымен өткізілген жоба нәтижесінде осы мектептерде жасөспірімдер қылмысы 7 жағдайдан 0-ге дейін, ал әкімшілік құқық бұзушылықтар 135-тен 89-ға дейін азайды.
Қазіргі таңда еліміз бойынша құқық қорғау және арнайы органдардың 317 ардагері жастармен кездесулер мен дәрістер өткізіп, «Заң және Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын түсіндіріп, Конституцияға, заңға және патриоттық құндылықтарға құрмет қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Берік Асылов ардагерлерді заңдылық пен құқықтық мәдениетті нығайту ісіне белсенді қатысуға шақырып, Бас прокуратура жанынан заңдылықты нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін тұрақты талқылайтын алаң құруды ұсынды.
Кездесу соңында Бас прокурор ардагерлерді 13 шілдеде атап өтілген Прокуратура органдары ардагерлері күнімен құттықтап, олардың заңға адал қызметі мен еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді. Салтанатты жағдайда оларға Бас прокурордың ведомстволық наградалары және Прокуратура органдары ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестіктер одағының медальдары табысталды.
Бөлісу