Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстанда Республика күні қарсаңында «Саған кітап арнадым» акциясы басталады

Қазақстанда Республика күні қарсаңында «Саған кітап арнадым» акциясы басталады

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 24
cover

Фото ИИ: Gemini

Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында кітап сыйлау мәдениетін дамытуға және ел тұрғындарының әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Саған кітап арнадым» акциясы басталады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Республика күні — Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуын, ұлттық бірлікті және ел болашағы алдындағы жауапкершілікті айшықтайтын ерекше мереке. Бұл — түрлі буын өкілдерін байланыстыратын, қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін құндылықтарға назар аударуға мүмкіндік беретін күн. Сол құндылықтардың бірі — кітап оқу. Өйткені кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, білім мен тәжірибе алмасуға жол ашады әрі жаңа жаңалықтарға жетелейді.

«Саған кітап арнадым» акциясы еліміздің басты мемлекеттік мерекесін игі әрі мағыналы іспен атап өтуге шақырады. Бұл бастама зерделі ұлт қалыптастыру әр адамның жеке үлгісінен, әдебиетке деген шынайы қызығушылығынан және кез келген адам жасай алатын қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев акцияның маңызы туралы былай дейді:

«Республика күні — ел болашағы мен келешек ұрпаққа қалдырар аманат-құндылықтарымызды саралайтын күн. Кітап — ерекше сыйлық, өйткені онымен бірге біз білімімізді, идеямызды және әлемге жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігін бөлісеміз. «Саған кітап арнадым» акциясы — оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырудың қарапайым әрі мазмұнды жолы. Кітап адамдардың қарым-қатынас орнатуына себеп болып, оларды біріктіріп, жаңа шығармаларды оқуға шабыттандырғанын қалаймыз. Зерделі ұлт мәдениеті осындай шынайы ниеттен туған игі істер арқылы қалыптасатынына сенімдіміз».

Акцияға қатысу үшін жаңа немесе жеке кітапханаңыздағы жақсы сақталған кітапты таңдап, оның алғашқы таза бетіне жылы лебіз жазу немесе ішіне құттықтау хат салу ұсынылады. Құттықтауда кітаптың кімге және кімнен сыйға тартылғанын, сондай-ақ дәл осы кітаптың неліктен таңдалғанын көрсетуге болады.

Одан кейін кітапты жақын адамыңызға, досыңызға, әріптесіңізге, сыныптасыңызға немесе курстасыңызға сыйлауға болады. Қатысушыларға кітап сыйлау сәтін әлеуметтік желілерде бөлісу ұсынылады. Ол үшін кітаптың фотосуретін немесе қысқа бейнежазбасын жариялап, кітап пен оны сыйлаған адам туралы шағын әңгіме жазып, марафонның ресми kitap_oqityn_ult аккаунтын белгілеу және #СағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday хэштегтерін пайдалану қажет.

Әр қатысушы достарын, әріптестері мен таныстарын акцияға қосылуға шақырып, игі бастаманың эстафетасын жалғастыра алады.

«Саған кітап арнадым» — жай ғана сыйлық емес. Бұл — біліммен бөлісудің, жақын жандарға көңіл бөлудің және өзгелерді кітап оқуға шабыттандырудың мүмкіндігі.

Бөлісу