Қазақстандықтардың 72,3%-ы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті – сауалнама
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қазақстандықтардың басым бөлігі қатысуға дайын. Бұл туралы Қоғамдық саясат институты жүргізген ұлттық сауалнама нәтижелері көрсетті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Зерттеу мәліметінше, азаматтардың 89,4%-ы алдағы сайлау туралы хабардар. Оның ішінде 55,2%-ы сайлау жөнінде толық ақпаратқа ие екенін айтса, 34,2%-ы бұл туралы естігенімен, барлық егжей-тегжейін білмейтінін жеткізген. Сарапшылардың айтуынша, респонденттердің жасы ұлғайған сайын сайлау туралы хабардарлық деңгейі де артады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының ақпараттану көрсеткіші қала тұрғындарына қарағанда жоғары.
Сауалнама нәтижелері халықтың электоралдық белсенділігінің жоғары екенін де аңғартады. Респонденттердің 72,3%-ы 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына қатысып, дауыс беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Ал 11,9%-ы сайлауға қатыспайтынын айтса, 15,8%-ы әзірге нақты шешім қабылдамаған.
Зерттеу әлеуетті электораттың тұрақтылығын да көрсетті. Сайлауға қатысуға ниетті азаматтардың 87,6%-ы 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан. Бұл елдегі маңызды саяси науқандарға тұрақты түрде қатысатын азаматтар тобы қалыптасқанын байқатады.
Партиялық таңдауға қатысты сауалнамада «Әділет» партиясы көш бастап тұр. Оған дауыс беруге дайын екенін респонденттердің 67,3%-ы білдірген. Партияны қолдау деңгейі әсіресе 36–60 жас аралығындағы азаматтар мен ауыл тұрғындары арасында жоғары екені анықталған.
Келесі орындарда «Ауыл» партиясы – 6,2%, «Respublica» – 5,5%, «Ақ жол» – 4,8%, ЖСДП – 4,3%, ҚХП – 3,9% және «Байтақ» партиясы – 1,1% көрсеткішпен орналасқан. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 1,6%-ы барлық партияға қарсы дауыс беруді жоспарлайтынын айтса, 5,3%-ы әлі таңдау жасамаған.
Партия таңдауға әсер ететін негізгі фактор ретінде респонденттердің 44,4%-ы партияның бастамаларына оң баға беретінін көрсеткен. Ал 29,2%-ы өзін белгілі бір партияның тұрақты жақтасы санайтынын айтқан. Бұдан бөлек, қатысушылардың 25,3%-ы Қазақстанның болашағын таңдаған партиясымен байланыстыратынын жеткізсе, 14,7%-ы партиялардың сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілін маңызды фактор ретінде атаған.
Жалпы, зерттеу қорытындылары қазақстандықтардың алдағы Құрылтай сайлауына қызығушылығы жоғары екенін және елдегі электоралдық белсенділіктің жеткілікті деңгейде қалыптасқанын көрсетеді.
Сауалнаманы Қоғамдық саясат институты 2026 жылғы 7–27 шілде аралығында өткізген. Зерттеу ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізіліп, оған еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8000 азамат қатысқан. Іріктеменің ықтимал қателігі ±1,19%-ды құрайды. Деректер face-to-face форматындағы жаппай сауалнама арқылы жиналған.
Бөлісу