Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстандықтардың 95%-дан астамы өз өміріне риза – әлеуметтік зерттеу

Қазақстандықтардың 95%-дан астамы өз өміріне риза – әлеуметтік зерттеу

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 7
cover

DATAmetrics компаниясы халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне арналған әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелерін жариялады. Зерттеу Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген, деп хабарлайды SKO24.kz.

Сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың тұрғын қатысты. Зерттеу бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісімен өткізілді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 95,2%-ы өз өміріне оң баға береді. Оның ішінде 63,3%-ы өміріне толық риза екенін айтса, 31,9%-ы көбіне қанағаттанатынын жеткізген. Ал респонденттердің 3,4%-ы өміріне онша риза емес екенін, 1,1%-ы мүлде риза еместігін мәлімдеген.

Отбасының материалдық жағдайына қатысты да оң пікір басым. Сауалнамаға қатысқандардың 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының қаржылық жағдайы жақсарғанын айтқан. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарғанын, 37,8%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгерістер болғанын атап өткен. Ал 25,5%-ы материалдық жағдай өзгермегенін, 6,6%-ы нашарлағанын көрсеткен.

Зерттеу нәтижелері халықтың болашаққа деген сенім деңгейінің де жоғары екенін көрсетті. Респонденттердің 78,6%-ы бір жылдан кейін өз отбасының тұрмыс деңгейі бүгінгіден жақсырақ болады деп сенеді. Оның ішінде 45%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарады деп күтсе, 33,6%-ы белгілі бір деңгейде жақсаратынына үміттенеді. Сонымен қатар, 15,9%-ы тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп есептейді, ал 3,4%-ы жағдайының нашарлауы мүмкін екенін айтқан.

Зерттеу авторларының айтуынша, нәтижелер халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң бағалаудың басым екенін көрсетеді. Азаматтардың басым бөлігі өз өміріне қанағаттанады, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалайды және алдағы уақытта тұрмыс деңгейінің жақсаратынына сенім білдіреді.

Айта кетейік, зерттеу іріктемесі Қазақстан халқының қала және ауыл тұрғындары, жынысы мен жас ерекшеліктері бойынша репрезентативті. Сенімділік ықтималдығы – 95%, ал статистикалық қателік шегі ±1,1%-ды құрайды.

Бөлісу