Қазақстандықтардың шамамен 75%-ы сайлауға қатысады: әлеуметтанушылар жаңа сауалнама нәтижесін жариялады
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
Еуразиялық интеграция институты Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтардың электоралдық көңіл күйіне қатысты екінші әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін таныстырды. 16–26 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде жүргізілген сауалнама сайлаушылардың дауыс беруге қатысуға дайындығының артқанын және ресми үгіт-насихат науқаны басталғаннан кейін негізгі саяси партиялардың ұстанымдары өзгергенін көрсетті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Face-to-face форматында өткен жаппай сауалнамаға Қазақстан Республикасының 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 4 000 респондент қатысты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, «Әділет» партиясы көшбасшылық орнын сақтап қана қоймай, электоралдық рейтингін 65,1%-ға дейін арттырған. Екінші орында – 5,9% көрсеткішпен «Ауыл» партиясы.
Партиялық бәсекеде бұдан әрі орын ауысулар байқалды: үшінші орынға 4,7%-бен «Ақ жол» партиясы көтеріліп, өзінің тікелей бәсекелесі – 4,6% жинаған «Respublica» партиясын басып озды. Осындай өзгеріс Жалпыұлттық социал-демократиялық партияда да тіркелді: оның рейтингі 4,2%-ға жетіп, 4,1% көрсеткішпен Қазақстанның Халық партиясын артта қалдырды. Ал «Байтақ» жасылдар партиясының рейтингі төмендеп, 0,5%-ды құрады.
Сонымен қатар, «Барлығына қарсы» дауыс беруді жоспарлаған азаматтардың үлесі 2,5%-ға дейін азайған. Ал әлі шешім қабылдамағандардың саны шілденің басындағы 14,2%-дан 8,4%-ға дейін төмендеген.
Еске салсақ, Еуразиялық интеграция институтының 3–13 шілде аралығында жүргізген алдыңғы сауалнамасында партиялардың көрсеткіштері мынадай болған: «Әділет» – 61,7%, «Ауыл» – 5,1%, «Respublica» – 4,5%, «Ақ жол» – 4,1%, Қазақстанның Халық партиясы – 3,6%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 3,5%, «Байтақ» – 0,7%.
Әлеуметтанушылар халықтың сайлауға деген қызығушылығы мен қатысуға дайындығының артқанын да атап өтті. Құрылтай сайлауына 23 тамыз күні қатысасыз ба деген сұраққа респонденттердің 73,2%-ы оң жауап берген. Бұл шілденің басындағы 72,1%-дан жоғары көрсеткіш. Ал 13,2%-ы сайлауға қатыспайтынын айтса, 13,6%-ы әзірге нақты шешім қабылдамаған.
Сайлау учаскесіне барудың негізгі себептері ретінде азаматтар азаматтық борыш сезімін (54,2%) және өз мүдделерін толық қорғайтын партияны таңдау ниетін (45,8%) атаған.
Сауалнамаға қатысқандардың 64,3%-ы партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныс екенін мәлімдеген. Оның ішінде 19,3%-ы бағдарламаларды тұрақты түрде оқып отырады, ал 45%-ының қызығушылығы ақпараттық кеңістіктегі үгіт-насихаттың белсенділігіне байланысты.
Зерттеу іріктемесі 2026 жылғы сәуірдегі Ұлттық статистика бюросының әлеуметтік-демографиялық деректеріне сәйкес репрезентативті түрде жасақталған. Статистикалық қателік ±1,54%-дан аспайды.
Деректер Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасы негізінде жарияланған.
Бөлісу