Қазақстанның адами капиталын дамыту мәселелері «Әділет» партиясының стратегиялық сессиясында талқыланды
Бөлісу
«Әділет» партиясында «Жаңа мәдениет және ұлттың қалыптасуы» тақырыбында стратегиялық сессия өтті. Ғылым, білім беру, креативті индустрия, экология және қоғамдық даму салаларының сарапшылары адами капиталды нығайтуға және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды SKO24.kz.
«Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева адами капиталды дамыту үшін заманауи білім беру жобалары мен өңірлердегі бастамаларды қолдау қажеттігін атап өтті.
«Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ауқымды AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – заманауи білім алуға және дамуға ұмтылатын жүз мың қазақстандық азаматты даярлауға арналған бағдарлама. Біз өңір тұрғындарының қандай шығармашылық жобаларды жүзеге асырғысы келетінін және ол үшін қандай инфрақұрылым қажет екенін анықтап жатырмыз», – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов елдің ұзақ мерзімді дамуын қоғамдық институттардың сапасымен, заң үстемдігімен және тарихи жадының сақталуымен байланыстырды. Оның пікірінше, азаматтық жауапкершілікті нығайту ғылым, білім беру және мәдениет салаларын дамыту ісімен қатар жүруге тиіс.
Сондай-ақ жастардың бастамаларын қолдау, білім беру саласын, креативті экономиканы және медиаортаны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар жауапты қоғам қалыптастырудың негізгі элементтері ретінде жаңа экономикаға қажетті кадрларды даярлау, креативті индустрияны қолдау, кітап оқу мәдениетін, медиасауаттылықты және қоғамдық диалогты дамыту мәселелерін талқылады.
Тағы бір маңызды тақырып – экологиялық мәдениет. Қатысушылар экологиялық мониторингті цифрландыру, қалдықтарды қайта өңдеу ісін дамыту, экологиялық деректердің ашықтығын арттыру және шешім қабылдау кезінде ғылыми әзірлемелерді кеңінен пайдалану жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Стратегиялық сессия қорытындысы бойынша қатысушылар барлық ұсынысты жинақтап, оларды алдағы уақытта жан-жақты қарастырып, партияның сараптамалық жұмысы барысында пайдалануға уағдаласты.
Бөлісу