Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстанның ауылдық жерлерінде спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасуда

Қазақстанның ауылдық жерлерінде спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасуда

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 5
cover

Фото: акимат СКО

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортпен шұғылдануына қолжетімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды SKO24.kz.

Бүгінде елімізде 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу деңгейі 59,6%-ды құрайды. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 62,1%-ға жетіп, өңірлерде спорт нысандары желісінің кезең-кезеңімен кеңейіп жатқанын көрсетеді.

Қазіргі заманғы стадиондар салуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Қазақстанда 30 ірі стадион жұмыс істейді, сондай-ақ тағы 15 жаңа стадионның құрылысы жүргізілуде. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында салынып жатқан стадиондарды 2028–2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, тағы жеті нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Тараз қаласында жаңа стадион салуға арналған жер телімі белгіленсе, Қостанай және Ұлытау облыстарында жобалар бойынша шешім қабылдау кезеңі жалғасуда.

Спорт инфрақұрылымын дамыту аясында ірі спорт кешендері де бой көтеруде. 2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілді, оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылы 147 нысан іске қосылып, олардың 107-сі ауылдық елді мекендерде ашылды. 2026 жылы тағы 121 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап министрлік 2026–2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруға кірісті. Құжат аясында 86 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 56 жоба ауылдық жерлерде салынады.

Балалар және бұқаралық футболды дамытуға да ерекше назар аударылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік әкімдіктермен бірлесіп балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасын жүзеге асыруда. 2025 жылы республика бойынша 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда.

Аталған жобаларды іске асыру заманауи спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруға, тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу