Қазақстанның Бас прокуратурасы Құрылтай сайлауы қарсаңында азаматтарға үндеу жасады
Бөлісу
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабына сәйкес азаматтарға, саяси партияларға және онлайн-платформалар өкілдеріне ресми үндеу жасады. Қадағалау органы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына қатысты негізгі талаптар мен заңнамалық нормаларды түсіндірді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2–23 шілде аралығында елімізде партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңі өтуде. Ресми сайлауалды үгіт-насихат 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз күні сағат 24:00-де аяқталады. Партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгіт жүргізуге қатаң тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Бас прокуратура заңсыз сайлауалды үгіттің не екенін де нақты түсіндірді. Атап айтқанда, сайлаушыларға тауарлар, қызметтер немесе бағалы қағаздарды тегін не жеңілдетілген шарттармен беру, лотереялар өткізу, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, ақша тарату немесе оны беруге уәде ету заңсыз үгіт ретінде бағаланады. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал сайлаушыларды сатып алу белгілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды. Сонымен қатар, сайлау тағайындалған сәттен бастап кандидаттар мен саяси партияларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды қоспағанда, кез келген қайырымдылық шараларын өткізуге тыйым салынады. Бұл талаптың сақталмауы олардың тіркеуінің күшін жоюға негіз болуы мүмкін.
Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларға да ерекше талаптар қойылатынын ескертті. Заңға сәйкес, дауыс беру нәтижесіне ықпал ету мақсатында жалған немесе азаматтардың ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға жол берілмейді. Жалған ақпарат, жала жабу және заңсыз контент жариялағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ Бас прокуратура қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу тәртібін де түсіндірді. Мұндай сауалнамалардың нәтижелерін кемінде бес жылдық тәжірибесі бар және бұл туралы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша хабардар еткен ресми тіркелген заңды тұлғалар ғана жариялай алады. Сауалнама жарияланған кезде тапсырыс беруші, зерттеу әдісі, сұрақтардың нақты мәтіні және ықтимал қателік деңгейі туралы толық ақпарат көрсетілуі тиіс. Жеке тұлғаларға мұндай сауалнамаларды жүргізуге және олардың нәтижелерін жариялауға қатаң тыйым салынады.
Дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес тәулікте және сайлау күні сайлауға қатысты кез келген болжамдар мен қоғамдық пікір зерттеулерін жариялауға толық тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Үндеу соңында Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заң талаптарын қатаң сақтауға, жоғары құқықтық мәдениет танытуға және кез келген заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырды.
Бөлісу