Бас прокуратура қазақстандықтарға Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат ережелерін еске салды
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы партиялық тізімдерді тіркеу кезеңінің аяқталуына байланысты бүгін Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат басталатынын хабарлады. Үгіт-насихат 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:01-де басталып, 2026 жылғы 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Ведомствоның мәліметінше, партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін сайлауалды үгіт-насихат 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Бас прокуратураның мәліметінше, сайлауалды үгіт-насихат бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар, көпшілік іс-шаралар және үгіт материалдарын тарату арқылы жүргізіледі. Бұл ретте телеарналар мен радиолардың жаңалықтар және сараптамалық бағдарламаларында үгіт материалдарын таратуға жол берілмейді.
Сондай-ақ кандидат немесе оның сенімді өкілі ретінде тіркелген журналистер мен редакция қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау науқанын жариялай алмайды.
БАҚ пен онлайн-платформа пайдаланушылары кандидаттардың немесе саяси партиялардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялаудан бас тартуы тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары сайлау науқанын объективті әрі бейтарап жариялауға міндетті.
Бас прокуратура барлық кандидаттар мен партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділік қамтамасыз етілуі керектігін атап өтті. Егер қандай да бір БАҚ бір партияның үгіт материалын ақылы негізде орналастыруға келісім берсе, дәл сондай мүмкіндік өзге партияларға да ұсынылуы тиіс.
Сонымен қатар ақылы негізде үгіт материалдарын жариялайтын БАҚ пен онлайн-платформалар үгіт-насихат басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына қызмет құны мен орналастыру шарттары туралы мәлімет ұсынуы қажет.
Заңға сәйкес үгіт материалдарында оларды шығарған ұйым, тапсырыс беруші және қаржыландыру көзі туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Қазақстан аумағынан тыс жерде дайындалған, авторы көрсетілмеген немесе қазіргі сайлау науқанына арналмаған үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды сайлау заңнамасын қатаң сақтауға, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шақырды.
Бөлісу