«Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссияға қоғам қайраткерлері мен жастардың өкілдері енді
Бөлісу
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын Мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен депутаттардан бөлек, жастар, журналистер, сарапшылар және қоғам қайраткерлері енді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жаңа комиссияның негізгі міндеті – жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу.
Бақылау жұмыстары жобаларды жоспарлау мен қаржыландыруды бөлуден бастап, құрылыс нысандарын аяқтау және пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Комиссия құрылыс мерзімдерінің сақталуын, жобалардың құнының негізділігін және мемлекеттік сатып алулардың заңдылығын тексереді.
Әсіресе қаржылық немесе ұйымдастырушылық қиындықтар туындауы мүмкін нысандарға баса назар аударылады. Қандай да бір тәуекел анықталған жағдайда, комиссия оларды жою шараларын әзірлейді.
Мониторинг нәтижелері Мемлекет басшысына тұрақты түрде баяндалып отырады. Осы мақсатта тоқсан сайынғы және жылдық есептер дайындау көзделген.
Комиссияның жұмыс органы болып Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, өңірлердің, бизнес өкілдері, журналистер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен жастар кірді.
Бөлісу