Президент Тоқаев Қазақстан мен ҚХР арасындағы екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты
Бөлісу
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеріліп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа мазмұнмен толығып келеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне берген жазбаша сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайды ортақ шекара және сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.
«Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады», – деді ол.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік сауда-экономикалық байланыстармен ғана шектелмейді. Ынтымақтастық энергетика, көлік, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет секілді көптеген саланы қамтиды.
«Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда көлемінің жаңа рекордтық көрсеткішке жеткеніне назар аударды. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – көлік және логистика. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орналасуы елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз», – деді Президент.
Оның айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту және шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының жаңа жүйесін қалыптастырып жатыр.
Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасында маңызы артып келе жатқан бұл бағыттың бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін цифрлық шешімдерге басымдық берілмек.
«Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы ықпалдастықтың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Бұл ретте дәстүрлі салалармен қатар, цифрлық экономика мен жасанды интеллект бағыттарына да ерекше мән берілуде.
«Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталды. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған. Президенттің айтуынша, осы бағытта Қытаймен технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол.
«Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына да тоқталды. Оның пікірінше, заманауи технологиялар мен есептеу ресурстарына қолжетімділік әділ болуы керек.
«Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол.
Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да өзара ықпалдастықты күшейтіп келеді. Екі ел БҰҰ-ның рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын сақтау, медиация мен көпжақтылықты дамыту және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелерінде ұқсас ұстанымдарды ұстанады.
«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен үйлесімді жұмысты жалғастырып, «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты қолдай береді.
Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Президент Ұйымның негізгі қағидаттары – өзара сенім, тең құқық, диалог, мәдени әралуандықты құрметтеу және бірлескен даму екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын да айтты. Осы кезеңде саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел халықтарының арасындағы тікелей қарым-қатынастар да нығая түскен.
2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы өзара байланыстың жарқын көрінісіне айналды. Білім беру саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазір Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алуда. Қазақстан университеттерінде білім алуға қызығушылық танытқан Қытай азаматтарының саны да артып отыр. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары мен «Лу Бань шеберханалары» жұмыс істейді.
Екі ел арасындағы визасыз режимнің енгізілуі туризм саласына да оң әсерін тигізді. 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 962 мың адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға артқан.
Президент Қазақстанның туристік әлеуетіне тоқталып, Қытай азаматтарын еліміздің табиғи, тарихи және мәдени мұрасымен танысуға шақырды.
«Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді», – деп сөзін түйіндеді Президент.
Бөлісу