Әр үйдегі қауіпсіздік: Қазақстанда екі жылыту маусымында 56 мыңнан астам өрт датчигі орнатылды
Бөлісу
ҚР ТЖМ
Қазақстанда жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында өткен брифингте өрттердің негізгі себептері мен олардың алдын алу шаралары туралы айтылды. Бұл туралы SKO24.kz хабарлады.
15 тамыздан бастап республика бойынша өрт қауіпсіздігіне арналған акция өтуде. Оның аясында мамандар тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға пештер мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіруде.
Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде. Елімізде осындай азаматтар тұратын 96 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынған. Жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің көмегімен 74,5 мың үйдің өрт қауіпсіздігі жақсартылды. Атап айтқанда, пештер мен электр желілері жөнделіп, мұржалар күйеден тазартылуда.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұрғын үйлердегі өрт саны 16%-ға азайып, 3983-тен 3359-ға дейін төмендеді. Өрттен қаза тапқандар саны 3,3%-ға, яғни 181-ден 175-ке дейін қысқарды. Ал жарақат алғандар саны 28%-ға азайып, 173-тен 125-ке дейін төмендеді.
56 мыңнан астам датчик орнатылды
Өрттің және көміртегі тотығымен уланудың алдын алуда автономды датчиктер маңызды рөл атқарады. Биылғы акция аясында жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің көмегімен 5 мыңнан астам құрылғы орнатылды. Ал өткен жылыту маусымында қазақстандықтардың үйлеріне 51 мыңнан астам датчик қойылған.
Мамандардың мәліметінше, датчиктер осы тәжірибе енгізілгеннен бері 68 рет іске қосылып, 290 адамның улануы мен қаза болуының алдын алуға мүмкіндік берген.
Тұрғын үйлердегі өрттердің негізгі себептері:
- электр құрылғыларын орнату және пайдалану ережелерін бұзу – шамамен 40%;
- пешпен жылыту жабдықтарының ақаулары – 20–25%;
- отпен абайсыз жұмыс істеу – 18–20%.
«Ата-анаңның үйін тексер» акциясы
Жаңа жылыту маусымында ТЖМ егде жастағы және қозғалысы шектеулі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясын бастады.
Құтқарушылар азаматтарды жақындарының үйлеріне барып, қауіпсіздік жағдайын тексеруге шақырады. Атап айтқанда:
- электр сымдарының бүтіндігін, розеткалар мен электр құрылғыларының жарамдылығын тексеру;
- пештер мен жылытқыштардың дұрыс жұмыс істеуіне, мұржалардың тазалығына көз жеткізу;
- жылу көздерінің маңындағы жанғыш заттарды алып тастау;
- өрт хабарлағышының бар-жоғын және жұмыс істеп тұрғанын тексеру;
- эвакуация жолдарының бос болуын қамтамасыз ету қажет.
ТЖМ өкілдері азаматтарды жылыту маусымы бойы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және әсіресе егде жастағы туыстары мен көршілеріне қамқорлық көрсетуге шақырады.
Бөлісу