Басты бет Қазақстан жаңалықтары Сырымбек Тау Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі ісіне байланысты екенін айтты

Сырымбек Тау Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі ісіне байланысты екенін айтты

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 33
cover

Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі ісіне байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, елдегі кемшілікті сырттан сынай бергеннен гөрі, әр адам қоғамға қандай пайда келтіре алатынын ойлағаны дұрыс, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кәсіпкер қоғамға пайда келтіру үшін міндетті түрде партия мүшесі болудың немесе жоғары қызмет атқарудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Партияда боласың ба, болмайсың ба – мәселе онда емес. Қоғамға аз да болса үлесіңді қоссаң, соның өзі – үлкен пайда», – дейді ол.

Сырымбек Тау бұл ойын түсіндіру үшін әлеуметтік желіден көрген бір жағдайды мысалға келтірді. Оның айтуынша, бірнеше жұмысшы түскі үзіліс кезінде ағаштың көлеңкесінде отырып тамақтанған. Мұны көрген адамдар олардың еңбегіне мән берудің орнына, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

«Соларды сынаған адамнан көшені сыпырып, тазалап жүрген қарапайым еңбек адамының қоғамға пайдасы жүз есе артық. Қолыңнан ештеңе келмей ме – ең болмаса жұмыс істеп жүрген адамға тиіспе. Еңбек етіп жатқан адам бар ғой, соған кедергі жасама. Ал «менен не пайда?» деу – адамның өзін төмендетуі», – деді кәсіпкер.

Сондай-ақ ол құрылтайдың тарихи маңызына тоқталды. Сырымбек Тау «құрылтай» ұғымының қазақ тарихындағы орны ерекше екенін айтып, өткеннен сабақ алудың маңызын атап өтті.

«Құрылтай сөзі өте әдемі, иә? Енді қарасақ, осыдан тура 300 жыл бұрын 1726 жылы Әбілқайыр хан Ордабасы құрылтайын жасаған. Ол биыл, мысалы, тура 300 жыл болды. Енді сол жерде жоңғарлар шапқыншылығына қарсы тұру үшін үш жүздің басын қосқан. Сондықтан біз ешқашан тарихи сәттерді ұмытпауымыз керек. Тарихи сәттерде жіберген қателігімізді, ұтқан жерімізді қарап отыруымыз керек», – деді ол.

Кәсіпкер елдің болашағына сеніммен қарау қажет екенін де айтты. Оның пікірінше, Қазақстанның қандай мемлекет болатыны бүгінгі ұрпақтың әрекетіне тікелей байланысты.

«Сыртта жүріп те, елдің ішінде жүріп те өз еліңді жамандау дұрыс емес. Жақсы болса да, жаман болса да, Қазақстан – сенің елің. Сондықтан жамандағанша, өзің сол жерін түзетуге тырыс», – дейді Сырымбек Тау.

Ол шетелде жүргенде де, ел ішінде болғанда да Қазақстанды сынай берудің орнына, оның дамуына үлес қосуға ұмтылу керек екенін атап өтті.

«Елдің ішінде жүріп сынайтындар да кездеседі. Бірақ бұл ел бәрімізге ортақ. Сондықтан оны жақсарту үшін ең алдымен жақсы жағын көре білуіміз керек», – деді кәсіпкер.

Сырымбек Тау Қазақстанның келешегін бұлыңғыр елестетпей, елдің дамуына бүгіннен бастап үлес қосу қажет деп санайды. Оның айтуынша, 2030, 2035, 2040 немесе 2070–2080 жылдары кейінгі ұрпақтың қандай Қазақстанда өмір сүретіні қазіргі қоғамның іс-әрекетіне байланысты.

«Егер өркениетті, бүгінгіден де жақсы Қазақстанды көргіміз келсе, әрқайсымыз елге пайдамызды тигізуіміз қажет. 2030, 2035, 2040 немесе 2070–2080 жылдары біздің ұрпағымыз жақсы Қазақстанда өмір сүрсін десек, оған бүгіннен бастап әрбіріміз үлес қосуымыз керек», – деді Сырымбек Тау.

Бөлісу