Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертуде: партиялар білім беру мен болашақ мамандықтарды талқылады
Бөлісу
Фото ИИ: ChatGPT
Сайлауалды науқан аясында саяси партиялар еліміздің әр өңірінде сайлаушылармен кездесулер өткізіп, өздерінің бағдарламалық бастамаларын таныстырды. Кездесулерде білім беру, еңбек нарығы, экология, әлеуметтік саясат және өңірлік даму мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері телевизиялық дебат барысында негізгі ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды SKO24.kz.
«Әділет» партиясының өкілдері Қызылорда облысында өткен кездесуде энергетика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, мәдениет және өнер салаларының өкілдерімен пікір алмасты. Ал ЖСДП Ақмола және Қарағанды облыстарындағы кездесулерінде білім беру жүйесін жетілдіру, мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту, мектептерді кадрмен қамтамасыз ету және сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударды.
«Байтақ» партиясы Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, экология, қалдықтарды басқару, ауа сапасы, табиғи ресурстарды пайдалану және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтерді. Кездесулердің бірінде сайлау науқанының ұйымдастырылуы мен халықаралық байқау тақырыптары да сөз болды.
Қазақстанның Халық партиясы Атырау, Ұлытау және Түркістан облыстарындағы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, әлеуметтік-экономикалық даму, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй саясаты және өңірлік даму мәселелерін талқылады. Павлодарда өткен кәсіподақ белсенділерімен кездесуде Құрылтай депутаттығына үміткер Евгений Миронов еңбек дауларын келіссөздер, сот және еңбек төрелігі арқылы шешудің маңызын атап өтті.
«Ауыл» партиясының өкілдері «Есіл Су» филиалының ұжымымен кездесіп, сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері бірнеше өңірде сайлаушылармен және медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Партия өкілі Бек-Мұхамед Жаукебаев Respublica партиясының бағдарламасына қатысты пікір білдіріп, салық саясаты мен шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерінің жеткілікті нақтыланбағанын айтты.
Respublica партиясы Жамбыл облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы жүйесі, өнеркәсіпті дамыту, энергетика, логистика, экспорт, импортты алмастыру және салық саясаты мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Тараз қаласында өткен форумда өңірлік даму, туризм, әлеуметтік инфрақұрылым және инклюзия мәселелері қаралды.
Телевизиялық дебат барысында партиялар білім беру мен еңбек нарығын дамытуға қатысты бастамаларын ұсынды. «Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы Қазақстандағы 160 мың мұғалімнің ChatGPT Edu сервисіне тегін қол жеткізгенін айтып, жасанды интеллект құралдарының оқу үдерісі мен білім саласын басқарудағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында технологиялар трансфертін дамыту қажеттігін атап өтті.
ЖСДП өкілі Мақсұт Насибулов жоғары білімнің қолжетімділігі, мектептегі білім сапасын арттыру, бағалау жүйесін жетілдіру және жоғары сыныптарда бейіндік оқытуды кеңейту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
«Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов экологиялық зерттеулерде математикалық талдау мен деректерді өңдеудің маңызын атап өтсе, «Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов ауылдық грантпен білім алған түлектерді туған елді мекендеріне жұмысқа орналастыру тетігін ұсынды.
«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тәстекей бюджет қаражатына парламенттік бақылауды күшейту, педагогтердің еңбекақысын арттыру және ғылыми-инновациялық жобаларды қолдау қажеттігін айтты.
Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жасанды интеллектінің дамуына байланысты Мамандықтар атласын тұрақты түрде жаңартып отырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларына жаңа бағыттарды енгізу қажет.
Дебат қорытындысында партия өкілдері өңірлердегі білім беру жүйесін дамыту, ауыл мұғалімдерін қолдау, мектеп пен балабақша құрылысына инвестиция тарту, IT саласы мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Бөлісу