Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов отандастарын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Үкімет басшысы жалпыұлттық референдумның нәтижелері елде жүргізіліп жатқан реформалар бағытына халықтың кең қолдау білдіргенін атап өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Өз үндеуінде Премьер-министр дауыс беру күні халықтың жоғары азаматтық белсенділік танытқанын айтты. Оның сөзінше, азаматтардың қатысуы қоғамның ауқымды өзгерістерге ұмтылысын және мемлекеттілік негіздерін нығайтуға деген ниетін көрсетті.
«Кеше өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан азаматтары белсенді қатысу арқылы шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетті. Олар Мемлекет басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын бүкілхалықтық қолдайтынын білдірді», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы ел дамуының қазіргі кезеңі демократиялық қағидаттарды ұлттық мұраға деген құрметпен ұштастыруға негізделгенін де атап өтті.
«Әділетті, прогрессивті Қазақстанның жаңа тарихы демократиялық құндылықтарға сүйене отырып, дәстүріміз бен мәдениетімізге лайықты құрмет көрсетіп қалыптасуда», – деп атап өтті Премьер-министр.
Үндеуінің соңында Олжас Бектенов жоспарланған реформалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдіріп, қазақстандықтарды ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне қадам басуымен құттықтады. Ол жаңартылған Негізгі заңды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен Егемендігінің іргелі символы деп атады.