Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға ҚР Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов Конституцияны түсіндіру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда Конституцияның барлық жаңашылдықтарын түсіндіру бойынша жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізілуде, оған сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысуда», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жоспарлы жұмысты жалғастыруы қажет. Ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру бойынша кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеуді, сондай-ақ Конституция ережелерін мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ заңнаманы талдау және бағдарламалық құжаттарды жаңарту жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
«Белгіленген мерзімде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, жаңа Конституцияның ережелерін ескере отырып, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды жаңартуды аяқтау қажет. Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.