Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады

by Камилла Кәрім

views 22
cover

Қазақстанда ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі – қазақы ит тұқымдарын қорғау ісі жаңа деңгейге көтерілуде. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккельмен кездесу өткізді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кездесу барысында тараптар қазақтың бірегей ит тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау, олардың генетикалық қорын нығайту және халықаралық деңгейде танымал ету мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешімнің қабылдануына ықпал еткені үшін Тамаш Яккельге алғыс білдірді. Айта кетейік, бұл шешім 2024 жылы Амстердам қаласында өткен FCI Бас комитетінің отырысында қабылданған.

Президент өз сөзінде тазы мен төбет тұқымдарының маңызы тек кинология саласымен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жануарлар қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты. Ит ежелден бері халқымыздың дүниетанымында «жеті қазынаның» бірі ретінде бағаланады.

Қазіргі таңда жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Сонымен қатар, саланы дамытуға бағытталған заңнамалық негіз қалыптасқан.

Жақын уақытта Жетісу облысында ит тұқымдарын сұрыптау және ғылыми-кинологиялық зерттеулер жүргізетін Ұлттық орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл орталық ит асыраушыларға кәсіби қолдау көрсетіп, отандық кинологияның дамуына серпін бермек.

Ұлттық мұраны дәріптеу мақсатында биылдан бастап 3 қыркүйек – Қазақы тазы мен төбет күні ретінде белгіленді. Бұл бастама қазақы ит тұқымдарының мәртебесін арттырып, оларды кеңінен насихаттауға жол ашады.

Өз кезегінде Тамаш Яккель Қазақстан басшылығына ұлттық ит тұқымдарын сақтауға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтып, FCI қызметі туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде федерация әлемнің 100-ден астам елін біріктіріп, кинология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.