Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлік жүйесін басқару және бақылау мақсатында құрылған Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты. Орталық Астана қаласындағы қоғамдық көліктің, соның ішінде жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің қозғалысын мониторингтеп, реттеумен айналысады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жобасын іске қосу аясында жеңіл рельсті көліктің арнайы диспетчерлік қызметі құрылды. Қазіргі уақытта қаладағы қоғамдық көлік жүйесін бақылау және үйлестіру жұмыстарымен 21 маман айналысады.
Мемлекет басшысы LRT жүйесінің пайдалануға берілуі Астана мен бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Президент елорданың болашақта Еуразияның ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар ол жобаны жүзеге асыруға атсалысқан қытайлық серіктес компанияларға алғыс білдіріп, CTS Transportation және Astana LRT қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Astana LRT жұмысын ресми түрде іске қосты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 001 нөмірлі символдық көлік картасы табысталып, ол жүйенің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін сапар жасады.
LRT құрамдары 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 жүргізушісіз пойыз қатынайды, олардың төртеуі резервте болады. Жүйе толықтай автоматтандырылған: қозғалыс, жылдамдықты реттеу, тежеу, есіктерді ашу және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер автоматты түрде жүзеге асады. Сонымен бірге қолмен басқару мүмкіндігі және диспетчерлік орталықпен байланыс қарастырылған.
Жобаның инфрақұрылымы 18 станция мен заманауи деподан тұрады. Маршрут бойынша толық жол жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды, ал пойыздар 5–6 минут аралықпен қатынайды.
Қаладағы қоғамдық көлік жүйесін одан әрі дамыту мақсатында LRT жобасының екінші кезеңі де қарастырылуда. Ол «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы және Қосшы қаласы бағыттарын қамтитын жаңа желілерді салуды көздейді. Жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болатын екінші кезең аясында 20 станция салу жоспарланған.