Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев транзитті дамыту мен ауыл шаруашылығын реформалауды экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші ретінде атап өтті
Бөлісу
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып, транзиттік-логистикалық әлеуетті дамыту мен агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуды экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін басты факторлар ретінде атап өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Мемлекет басшысы көлік-транзиттік әлеуетті нығайтудың Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Тікелей теңізге шығатын жолы болмаса да, еліміз Еуразия құрлығының қақ ортасында, аса маңызды халықаралық көлік бағыттарының тоғысқан жерінде орналасқан. Президенттің айтуынша, бұл географиялық артықшылықты барынша тиімді пайдаланып, Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыру қажет.
Осы тұрғыда «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің іске қосылуы ерекше мәнге ие. Аталған жоба Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемін осы учаскеде бес есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ басым жобалар қатарында «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы бар. 2030 жылға дейін шамамен 5 мың шақырым теміржол салу және 11 мың шақырым қолданыстағы жолдарды жөндеу жоспарланған.
Президент «Орталық – Батыс» автожол жобасының маңызын да атап өтті. Бұл жоба елорда мен батыс өңірлер арасындағы қашықтықты 500 шақырымнан астам қысқартып, іскерлік белсенділік пен жүк ағындарының ұтқырлығын арттыруға ықпал етеді.
Соңғы жылдары Қазақстан ұлттық шекарадан тысқары шығатын дамыған көлік жүйесін қалыптастырды. Ел аумағында Сары теңізден Қара теңізге дейінгі бағытты қамтитын жүк терминалдары желісі құрылды. Қазақстан арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 теміржол және 7 автомобиль дәлізі бар. Бұл бағыттар Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық тасымалдың 85 пайызына дейін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік пен логистика саласы жаһандық геосаясаттың маңызды элементіне айналып келе жатқанын, бұл саладағы бәсекенің күн санап күшейіп отырғанын айтты. Транзит пен инфрақұрылым мәселелері бүгінде жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөздердің негізгі тақырыптарының біріне айналған.
Президент Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол» қытайлық бастамасы, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізі және Транскаспий бағыты, яғни «Орта дәліз» аясындағы белсенді қатысуын атап өтті. Сондай-ақ «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты арқылы теңіз порттарына шығатын тасымалдардың әлеуеті жоғары бағаланды. Мемлекет басшысы Қытайды «Орта дәліз» жұмысына тартуға Қазақстанның мүдделі екенін де ерекше атап өтті.
Президент көлік-логистикалық саланың мүмкіндігі тек инфрақұрылыммен шектелмейтінін айтты. Бұл салада экономиканың барлық дерлік секторлары түйіседі. Осыған байланысты Үкіметке заманауи көлік-логистикалық тораптар құру, теңіз порттарын, әуежайларды, теміржол вокзалдарын жаңғырту және тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті жүктелді.
Сұхбаттың едәуір бөлігі ауыл шаруашылығына арналды. Мемлекет басшысы аграрлық сектор дәстүрлі түрде мемлекеттік қолдауға ие екенін атап өтті. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдетілген несиелеуге 580 миллиард теңге бөлінсе, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 1 триллион теңгені құраған. Соңғы он жылда фермерлерді қолдау көлемі он есеге артқанымен, бөлінген қаражаттың тиімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Президенттің айтуынша, 2015–2024 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,5 есеге өскен. Алайда ресурстарды неғұрлым ұтымды пайдаланған жағдайда бұл көрсеткіштер бұдан да жоғары болуы мүмкін еді. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығында оң өзгерістер байқалады: астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетіп, жеткізу географиясы кеңейді.
Келесі басым бағыт ретінде мал шаруашылығын дамыту аталды. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай әлемде қызыл ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал импорт 27 миллион тоннаға жетеді. Ресурстық әлеуеті зор Қазақстан, әсіресе Азия нарықтарында ірі экспорттаушы бола алады. Осыған байланысты өткен жылдың қараша айында өткен Екінші аграршылар форумы мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай болғанымен, инвестициялардың әрдайым күтілген нәтиже бермейтінін атап өтті. Ол субсидиялау жүйесіндегі теңгерімсіздікке назар аударып, ірі шаруашылықтардың басымдыққа ие болып отырғанын, ал шағын фермерлердің қолдауға қол жеткізуі қиын екенін айтты. Бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауына алынуы тиіс.
Президент субсидиялардың қазіргі кезеңде қажет екенін мойындай отырып, олардың ауылда масылдық көңіл-күй қалыптастыру қаупі бар екенін ескертті. Осыған байланысты фермерлерді кооперацияға біріктіру тәжірибесіне қайта оралу мүмкіндігі қарастырылуда. Кооперативтер еңбек өнімділігін арттырып, нарыққа шығуды жеңілдетуге және тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының айтуынша, дамыған елдерде кооперация өзінің тиімділігін дәлелдеп, кей жағдайда ірі корпорациялар деңгейіне дейін өскен. Қазақстан ауылдарында да кооперативтік шаруашылықты дамытуға барлық алғышарттар бар — малды бірлесіп бағудан бастап, сүт пен ет өнімдерін өңдеуге дейін. Алайда бұл үдеріс әкімшілік қысымсыз, жүйелі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстары арқылы жүргізілуі тиіс.
Бөлісу