V Ұлттық құрылтайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық-мемлекеттік диалогтың жаңа форматына көшуді жариялады
Бөлісу
V Ұлттық құрылтайдың отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы саяси реформалардың негізгі бағыттарын айқындап, қоғамдық-мемлекеттік диалогтың жаңа институтын — Қазақстанның Халық Кеңесін құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Мемлекет басшысы реформалардың жаңа кезеңінде елге қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты әрі кең ауқымды жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған жұмыс істейтін алаң қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл платформа қазақстандық қоғамның бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіруі тиіс.
«Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты түрде жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған кең платформа қажет. Ол халқымыздың бірлігі мен ұйысуына ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси күштерді біріктіруі тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызы бар миссияларын табысты орындағанын атап өтті. Келесі кезеңде олардың орнына жаңа институт — Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.
Мемлекет басшысы жаңа органның қызметінде бұрынғы институттардың стратегиялық сабақтастығын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Халық Кеңесінің жұмысы қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жүйелі түрде нығайтуға бағытталуы тиіс.
«Жаңа органның қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың негізгі функцияларындағы стратегиялық сабақтастықты сақтау — яғни қазақ мемлекеттілігін және еліміздің Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту аса маңызды», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Халық Кеңесі өз табиғаты бойынша өзге мемлекеттердегі консультативтік құрылымдардың тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болады. Кеңес құрамында елдегі барлық этностардың, әлеуметтік топтар мен өңірлердің өкілдігі қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның Халық Кеңесіне Қазақстан Республикасының жоғары консультативтік органы мәртебесін беру көзделіп отыр. Оның құрамы 126 адамнан тұрады: 42 өкіл — этномәдени бірлестіктерден, 42 — ірі қоғамдық ұйымдардан және 42 — мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден.
Халық Кеңесінің барлық мүшелерін Президент тағайындайды, ал Кеңес төрағасы Кеңес мүшелерінің өздері тарапынан сайланады. Төрағаның екі орынбасары ротациялық негізде қоғамдық негізде тағайындалады, сондай-ақ хатшылық басшысы болады.
Президент жаңа органның функционалына да ерекше назар аударды. Ол Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беруді ұсынды. Бұл, оның айтуынша, органның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі мен мәртебесін едәуір арттырады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы — сессия, ол жылына кемінде бір рет шақырылатын болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы негізгі функциялары жаңа институтқа беріледі. Сонымен қатар Халық Кеңесі ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен, мемлекеттік идеологияны, Конституцияны және мемлекеттің өзге де негізгі құжаттарын түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Бұдан бөлек, Халық Кеңесінің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар өзге де гуманитарлық форумдарды ұйымдастыру функциялары өтеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны қалыптастыру тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясының жеке бөлімінде және арнайы Конституциялық заңда бекітіледі. Президенттің пікірінше, бұл жаңа институтты құру қоғамдық қатысуды дамытуға және жалғасып жатқан реформалар жағдайында мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға маңызды қадам болмақ.
Бөлісу