Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономика мен капиталдың заңсыз сыртқа шығарылуына қатысты алаңдаушылық білдіріп, бұл құбылыстың елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Президенттің айтуынша, жаңа салық саясаты күшіне енгеннен кейін нақты қаржы айналымын жасыру мақсатында қолма-қол есеп айырысу көлемі артқан. Бөлшек сауда саласында тауар бағасының төлем түріне байланысты екі түрлі белгіленуі жиілеп кеткен. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап өтіп, бұл мемлекет жүргізіп отырған салықты әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі жұмыстарға кері әсер ететінін айтты.
Сондай-ақ кірістерді жылыстату мен капиталды астыртын криптовалюталық операциялар арқылы заңсыз шығару өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінгі таңда жалпы айналымы 62 миллиард теңгеден асатын 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылған. Осы істер бойынша 2,6 миллиард теңгеге мүлікке тыйым салынған.
Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, әлеуметтік желілерде криптовалютаға ақша айырбастау жөніндегі жарнамалар әлі де белсенді түрде таралуда. Бұл мәселенің түбегейлі шешілмегенін көрсетеді. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстан капиталдың заңсыз сыртқа шығарылу көлемі бойынша алдыңғы қатардағы елдердің бірі саналады. Соған қарамастан, аталған қылмыстар үшін сотталғандар саны тым аз.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздікке тікелей қатер екенін тағы бір мәрте атап өтіп, уәкілетті агенттікке бұл мәселелер бойынша нақты әрі пәрменді ұсыныстар енгізуді тапсырды.