Басты бет Қазақстан жаңалықтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі

by Камилла Кәрім

views 50
cover

Бүгін Астана қаласында еліміздің әр өңірінен келген белсенді әрі бейжай қарамайтын жастарды біріктірген Волонтерлер форумы өтті. Іс-шара волонтерлік қозғалысты дамыту, өзекті бастамаларды талқылау және тәжірибе алмасу алаңына айналды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерліктің қоғам дамуындағы ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, форумға ел болашағына бейжай қарамайтын, жасампаз әрі жауапкершілігі жоғары нағыз патриот жастар жиналған.

Мемлекет басшысы биылғы жыл бүкіл әлемде Волонтерлердің халықаралық жылы ретінде аталып өтіп жатқанын айтты. Ол бұл бастаманың Қазақстан тарапынан БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында ұсынылғанын және халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапқанын еске салды. Бұл еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетудегі үлесінің мойындалғанын көрсетеді.

Президенттің пікірінше, волонтер болу — игі істер жасауға, Отанға адал қызмет етуге және елдің болашағына қамқорлық танытуға ұмтылу. Бұл жолды қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етуге дайын, ниеті таза, ойы асыл жандар таңдайды.