Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған саяси кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Кездесу барысында қатысушылар Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен ұсынылған түрлі жобалардың ел дамуына ықпал ету мүмкіндігін жан-жақты талдады. Сондай-ақ, саяси жүйенің қоғам мен мемлекет арасындағы өзара ықпалы мен ынтымағын күшейтудегі маңызды кезеңдер қарастырылды.
Саяси кеңес мүшелері Ата заңды талқылаудың қоғамның жаңаруға, Қазақстанның қазіргі даму кезеңіне сай тұрақты шешімдер қабылдауға деген сұранысын арттырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын күшейтуге, мемлекет пен қоғам арасындағы келісім деңгейін арттыруға бағытталғаны айтылды.
Отырыста Конституцияда бекітілетін нормалар әлеуметтік салада, еңбек қатынастарында және азаматтардың өмір сапасын арттыруда нақты іске асырылуы тиіс екені ерекше аталып өтті. Реформаның институционалдық қырлары да назардан тыс қалмады: билік органдары арасындағы өзара іс-қимылды тұрақтандыру, мемлекеттік институттардың рөлін күшейту және шешім қабылдаудағы жауапкершілікті арттыру маңызды тақырып болды.
Сондай-ақ, жаңа Конституция жобасын әзірлеу форматының өзі қоғам мен сарапшылар арасындағы ашық диалогқа мүмкіндік беретінін атап өтті. ЖСДП Саяси кеңесінің пікірінше, бұл тәсіл әртүрлі көзқарастар мен өңірлік тәжірибеге сүйене отырып, байыпты әрі ұзақмерзімді шешімдер қабылдауға жол ашады.
Отырыстың қорытындысы бойынша ЖСДП Саяси кеңесі конституциялық реформаның негізгі бағыттары бойынша ортақ ұстаным қалыптастырды және болашақта ұсыныстарды сараптамалық тұрғыда пысықтауға белсенді қатысуға дайын екенін жариялады. Кездесу іскерлік және конструктивті жағдайда өтті, бұл ЖСДП-ның саяси жауапкершілікке дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.
ЖСДП қоғамның әлеуметтік бағыттағы, құқықтық мемлекетті дамытуға деген мүддесіне сәйкес өз ұстанымын ашық әрі шынайы көрсетті.