Басты бет Қазақстан жаңалықтары Жаңа Конституция – Ұлы Дала елін жаңа биікке жетелейтін негізгі жол

Жаңа Конституция – Ұлы Дала елін жаңа биікке жетелейтін негізгі жол

by Камилла Кәрім

views 26
cover

2026 жылғы 4 ақпанда Астана қаласында офлайн және онлайн форматта Қазақстанның «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының Төрағасы Азаматхан Әміртаевтың төрағалығымен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген пленарлық отырысы өтті. Іс-шараға партия филиалдарының басшылары, мәслихат депутаттары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кездесу барысында мемлекеттің институционалдық дамуы, адам құқықтарының басымдығы, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік және «жасыл» экономиканы дамыту мәселелері басты назарда болды. Өз баяндамасында Азаматхан Әміртаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның саяси маңызын атап өтіп, оның заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға, билік органдарының жауапкершілігін күшейтуге және мемлекеттік басқару жүйесінің орнықтылығын нығайтуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысына кең қоғам қатысып отырғаны, e-Otinish платформасы арқылы мыңнан астам ұсыныс түскені мәлімделді.

Партия Төрағасы жаңа Конституция жобасында экология мен адам денсаулығы арасындағы байланыстың алғаш рет негізгі заң деңгейінде нақты әрі күшейтілген түрде бекітіліп отырғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, таза ауа, таза су және қауіпсіз қоршаған орта азаматтардың өмір сапасын анықтайтын негізгі факторлар болып табылады және мемлекеттің болашақ ұрпақ алдындағы тікелей жауапкершілігі болуы тиіс. Осыған байланысты «БАЙТАҚ» партиясы Конституцияның 8-бабына «Экология және адам денсаулығы» ұғымын мемлекеттің базалық құндылығы ретінде енгізуді ұсынды.

Кеңейтілген отырыс барысында партияның Атқарушы хатшысы Бекберген Керей «Конституция: экология мен даму арасындағы тепе-теңдік» тақырыбында баяндама жасап, жаңа Конституцияда экологияның жекелеген саясат бағыты емес, қоғамдық дамудың құндылықтық негізі ретінде айқындалатынын айтты. Алматы қалалық филиалының төрағасы Алма Қарашқызы «Адамға бағдарланған мемлекет моделі» тақырыбындағы сөзінде жаңа Конституция жобасында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілгенін атап өтті. Ал партия Төрағасының кеңесшісі Мұрат Ташибаев «Қазақстандағы конституциялық реформаның халықаралық-құқықтық аспектілері» тақырыбында баяндама жасап, жаңа Конституцияны қабылдау Қазақстан халқының өзін-өзі айқындау құқығын жүзеге асырудың заңды көрінісі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол реформаның халықаралық міндеттемелерді орындауға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Саяси кеңес мүшесі, жас тарихшы Шыңғыс Үсенқұл жастар атынан сөз сөйлеп, Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық мемлекеттілік дәстүріне сілтеме жасалуының маңызын атап өтті. Оның пікірінше, «Ұлы Дала» ұғымы Еуразия кеңістігінде қалыптасқан мемлекеттілік, құқықтық жүйе мен саяси мәдениеттің тарихи сабақтастығын білдіреді.

Бастауыш партия ұйымының жетекшісі Сергей Качанов Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын толық қолдайтынын білдіріп, партия тарапынан өңірлік және бастауыш деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге дайын екенін және азаматтарды қоғамдық талқылауға белсенді тартудың маңызын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның «БАЙТАҚ» жасылдар партиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын адамға бағдарланған, экологиялық жауапты және институционалдық тұрғыдан негізделген құжат ретінде толық қолдайтынын мәлімдеп, алдағы уақытта да өңірлерде түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын хабарлады.