Басты бет Қазақстан жаңалықтары Премьер-министр Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөнінде кеңес өткізді

Премьер-министр Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөнінде кеңес өткізді

by Камилла Кәрім

views 45
cover

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Аталған отырыс Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кеңейтілген отырыста 2025 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Осыған байланысты Үкімет басшысы Президент тапсырмаларын іске асыруға арналған кеңес ұйымдастырды.

«Кеше Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасының ерекше маңыздылығын атап өтті. Өзгерістердің ауқымы мен мәні, сондай-ақ талқылау үдерісінің ашықтығы еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. Президент атап өткендей, жаңа Конституция жобасында “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін” қағидаты нақты бекітілген. Конституциялық реформа саяси жаңғырумен қатар экономиканың сапалы өсуін жеделдетуге бағытталған. Яғни, ең алдымен халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуі тиіс. Бұл – біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі», – деді Олжас Бектенов.

Кеңесте вице-премьерлер, министрлер және «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың әл-ауқатын арттыру жоспарлары туралы мәлімдеді. Негізгі басымдықтар – табысты өсіру, инфляцияны төмендету және нақты секторды қолдау. Ұлттық банкпен бірлесіп инфляция деңгейін 9–11%-ға дейін төмендету жоспары әзірленеді. 1 мамырға дейін 2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру бағдарламасы қабылданады. Сонымен қатар EGov Business платформасында бизнесті «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау жалғасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамыту шаралары туралы баяндады. 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру және саланы жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту көзделіп отыр. Ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және цифрлық бақылау құралдарын енгізу міндеттері белгіленді. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидияларды ұлғайту және қосылған құн салығын төмендету жоспарлануда.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр барлық тапсырмалар халық пен бизнеске нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жүйелі мәселелерді шешу, цифрландыруды дамыту, шығыстардың ашықтығын арттыру, кадр даярлау және «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы әлеуметтік қолдау шараларын біріктіру бойынша нақты міндеттер жүктелді.

«Алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы үлкен. Уақыт созуға болмайды. Батыл әрі тиімді шешімдер қабылдап, оларды жедел жүзеге асыру қажет. Халықтың табысы мен әл-ауқатының артуы – біздің жұмысымыздың нақты нәтижесі болуы тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауы керек», – деді Олжас Бектенов.