Республикалық референдум – елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалардың шешуші кезеңі. Бәріміздің ортақ болашағымызға қатысты шешім қабылданатын сын сағатта дауыс беруден шет қалмау – әрбір қазақстандық үшін маңызды борыш, деп хабарлайды SKO24.kz.
Осы орайда қоғам өміріндегі айтулы өзгерістерге қатысты түрлі саланың өкілдері өз пікірлерін білдіруде. Олардың қатарында өнер майталмандары, спортшылар мен шығармашылық иелері бар.
Белгілі эстрада жұлдызы Ұлықпан Жолдасов әлеуметтік желіде Конституциялық реформа туралы ойын білдіріп, бұл бастама еліміздің дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, мәдениет пен өнер саласының еркін өркендеуіне де мүмкіндік ашатынын атап өтті.
«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтап, заманауи шығармашылықпен ұштастыру – ортақ міндетіміз», – деді әнші.
Танымал актер Ерболат Төлеген әлеуметтік желіде бөліскен бейнежазбасында 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның Қазақ елі мен өскелең ұрпақ үшін маңызы ерекше екенін айтты.
«Қадірлі достар, заман өзгеріп жатыр, соған байланысты Конституциямыз да жаңарып жатыр. Осы тұста референдумға қатысу – әрбір Қазақстан азаматының борышы. Бұл күннен қалыс қалмаңыздар», – деді ол.
Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров еліміз үшін маңызды шешім қабылданатын күні жаңа Конституция жобасына дауыс беру – әр азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.
«Мен өз таңдауымды жасаймын. Мен барамын!» – деп жазды актер.
Жазушы Бейбіт Сарыбай референдум – тек дауыс беру күні ғана емес, елдің келешегін айқындайтын маңызды саяси акт екенін атап өтті.
«Біз үшін ең қымбат нәрсе – еліміздің болашағы, тыныштығы мен дамуы. 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өтеді. Бұл – әрқайсымыз үшін үлкен жауапкершілік әрі азаматтық міндет. Біздің таңдауымыз – құқықтық мемлекетке, азаматтық қоғам мен демократиялық құндылықтарға деген сеніміміздің көрінісі», – деп жазды ол.
Сондай-ақ жазушы қазіргі қарқынды өзгерістер кезеңінде өз таңдауын жасау – азаматтық ұстанымды білдірудің нақты жолы екенін атап өтті.
Еліміздің спорт саңлақтары да Конституциялық реформалар жөнінде пікір білдірді. Олимпиаданың қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев спортта да, өмірде де жетістікке жетудің негізі – жауапкершілік пен тәртіп екенін айтты.
«Әрбір спортшы үшін көк туды желбірету – Отан алдындағы ең үлкен мәртебе. Әділ бәсеке мен тәртіп қана жеңіске жеткізеді. Алдағы референдум – еліміз үшін әділ қағидаларды бекітудің маңызды мүмкіндігі», – деді ол.
Әлемдік жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүрген дзюдошы Әбиба Әбужақынова да референдумның маңызына тоқталды.
«Дзюдодағы жеңіс – тек әдіс жасаудан емес, ережені терең білуден және жауапкершілікті сезінуден басталады. Өмірде де дәл солай. Сондықтан жаңа Конституция бойынша өтетін референдум – баршамыз үшін маңызды таңдау сәті», – деді спортшы.
Ал шахматтан әлемге танымал қазақстандық спортшы Бибісара Асаубаева ел дамуына бағытталған реформаларды қолдайтынын білдірді.
«Мен Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшы ретінде еліміздің тұрақтылығы мен ілгері дамуына сенемін», – деп жазды ол.