Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты ең көп таралған жалған ақпараттар жарияланды
Бөлісу
Цифрлық ақпаратқа қарсы күрес орталығы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты кең таралған жалған ақпараттар мен манипуляцияларға шолу дайындады. Желілерде таралған пікірлер ресми жоба мәтінімен және мемлекеттік органдардың түсіндірмелерімен салыстырылып, талданды, деп хабарлайды SKO24.kz.
1. «Конституция Президенттің өкілеттігін күшейтеді».
Бұл тұжырым құжат мазмұнына сәйкес келмейді.
Жоба тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін бекітеді. Негізгі кадрлық шешімдер — Вице-президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындау — Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады. Президент өкілеттігі жеті жылдық бір реттік мерзіммен, қайта сайлану құқығынсыз сақталады. Мұндай модель «суперпрезиденттік» емес, президенттік республика қағидаттарына сәйкес келеді.
Қорытынды: Жалған ақпарат.
2. «Шетелдіктерге жер сатуға тыйым алынып тасталады».
Жоба мәтінінде жерді шетел азаматтарына сатуға рұқсат беретін нормалар жоқ.
8-баптың 3-тармағында жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені және меншік құқығы заңда белгіленген негіздер мен шарттар бойынша жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Қорытынды: Жалған ақпарат.
3. «Тегін медицина жойылады».
Конституция жобасы медициналық көмектің тегін сипатын жоққа шығармайды.
32-баптың 2-тармағында азаматтардың заңда белгіленген, ақысыз медициналық көмек алуға құқығы бекітілген. Бұл құқықтың жойылуы емес, оны іске асыру тетіктерінің құқықтық тұрғыда нақты жазылуы.
Қорытынды: Манипуляция.
4. «Тегін білім беру жойылады».
Бұл да шындыққа сәйкес келмейді.
Орта білімнің мемлекеттік оқу орындарында тегін берілуі Конституциямен кепілденеді. Жоғары білім алу құқығы конкурстық негізде қамтамасыз етіледі (33-бап).
Үкімет Төрағасының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап өткендей, ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды. «Тегін» ұғымы заңда белгіленген тәртіппен ақысыз қызмет алу ретінде нақты көрсетіледі.
Қорытынды: Манипуляция.
5. «Жыл сайынғы еңбек демалыстары жойылады».
Бұл тұжырым дұрыс емес.
27-бапта демалу құқығы бекітілген. Ал жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының нақты ұзақтығы мен шарттары Еңбек кодексімен реттеледі. Конституция жалпы қағидатты белгілейді, ал нақты тәртіп салалық заңмен айқындалады.
Қорытынды: Манипуляция.
6. «Конституциядан еркіндік ұғымы алынып тасталды».
Керісінше, құқықтар мен бостандықтар жоғары құндылық ретінде бекітілген.
Кіріспеде және 1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жарияланған. Олар ажырамас және иеліктен шығарылмайтын құқықтар ретінде танылады.
Қорытынды: Манипуляция.
7. «Сөз және жиналыс бостандығы шектеледі».
Жоба Конституциясында цензураға тыйым салынып, сөз бостандығына кепілдік беріледі (23-бап). Шектеулер тек заң негізінде және конституциялық құрылысты, қоғамдық қауіпсіздікті және басқа тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында ғана енгізіледі.
Бейбіт жиналыстарға құқық 35-бапта бекітілген. Жиналыс түрлерінің нақты тізбесі заңнамада айқындалады. Бұл халықаралық құқық нормаларына сәйкес келеді.
Қорытынды: Манипуляция.
8. «Тоталдық цифрлық бақылау енгізіледі».
Жоба керісінше цифрлық құқықтарды бекітіп, жеке өмір мен дербес деректерді қорғауды күшейтеді (21-бап).
Қорытынды: Жалған ақпарат.
9. «Конституция мәтінін шетелдіктер жазған».
Жоба отандық заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен, азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы ашық форматта жүргізілді.
Қорытынды: Жалған ақпарат.
10. «Жаңа Конституция халықаралық міндеттемелерді бұзады».
Жоба ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келмейді. Негізгі құқықтық қағидаттар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Ратификацияланған халықаралық шарттар ұлттық құқық жүйесінде қолданыста қалады және заңнамаға сәйкес реттеледі.
Қорытынды: Манипуляция.
Бөлісу