Басты бет Қазақстан жаңалықтары 9 шілдеде Қазақстанда Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі

9 шілдеде Қазақстанда Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 15
cover

9 шілдеде Қазақстанда Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Бүгінде еліміздің су саласында 29 мыңнан астам маман еңбек етеді. Оның ішінде 10,9 мыңнан астамы Су ресурстары және ирригация министрлігі жүйесінде жұмыс істейді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Министрліктің құрылымына орталық аппарат, Су шаруашылығы комитеті, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті, бассейндік су инспекциялары және ведомствоға қарасты ұйымдар кіреді. Саладағы ең ірі жұмыс беруші – «Қазсушар» РМК. Мұнда 9889 адам еңбек етеді. Ал «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінде 368 маман, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында 101 қызметкер, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығында 65 адам, «SK Water Solutions» ЖШС-де 45 маман жұмыс істейді.

Кәсіби мерекеге орай су шаруашылығы саласының қызметкерлерін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құттықтады. Оның айтуынша, сала мамандарының еңбегінің арқасында еліміздің су қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, вегетациялық кезеңде су тұрақты жеткізіледі, су тасқыны қауіпсіз өткізіліп, гидротехникалық құрылыстардың сенімді жұмысы қамтамасыз етіледі.

Министрдің сөзінше, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері сала мамандарының мәртебесін көтеруге және еңбек жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі есеге өсті. Сонымен қатар, «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды.

Салада әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілуде. 2024 жылы су шаруашылығы мамандықтары алғаш рет «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Соның нәтижесінде Жамбыл облыстық филиалының бірнеше қызметкері көтерме жәрдемақы алды, ал өткен жылы алты маман «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасының қатысушысы атанды.

Саланы техникалық жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдарына 576 бірлік жаңа техника берілді, тағы 135 бірлік техника тарифтік қаражат есебінен сатып алынды. Соның арқасында кәсіпорынның техника паркі 27 пайызға жаңартылды. Бұдан бөлек, бұрын маусымдық негізде жұмыс істеген 435 қызметкер тұрақты жұмыс орнына орналастырылды.

Министрліктің мәліметінше, кадрлық әлеуетті нығайту, материалдық-техникалық базаны жаңғырту және сала мамандарының әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру су ресурстары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

Бөлісу