Басты бет Қазақстан жаңалықтары Түнгі сағат 00:00-ден бастап «тыныштық күні» басталады: ОРК референдум алдында үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын еске салды

Түнгі сағат 00:00-ден бастап «тыныштық күні» басталады: ОРК референдум алдында үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын еске салды

by Камилла Кәрім

views 68
cover

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік республикалық референдум қарсаңында үгіт жүргізу және қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялауды реттейтін заңнаманың негізгі талаптарын еске салды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес референдумның қарсаңындағы күні және референдум өтетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.

«Ертең сағат 00:00-де үгіт кезеңі аяқталады. Осы сәттен бастап “тыныштық күні” басталады. Бұл дегеніміз, 14 наурызда және дауыс беру күні – 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді. Бұл талаптар заңнамамен белгіленген және электоралдық үдерістің барлық қатысушылары үшін міндетті», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.

Дауыс беретін үй-жайлардан басқа жерлерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары мен плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуына рұқсат етіледі.

Ләззат Сүйіндік қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу ережелеріне де тоқталды.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес мұндай сауал салулар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.

Атап айтқанда, аталған заңның 28-бабының 9-тармағына сәйкес дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдумның алдын ала қорытындыларын және референдумға байланысты басқа да зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда жариялауға тыйым салынады.

«Заң сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге нақты талаптар белгілейді. Олар дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізілмейді. Мұндай сауалдарды тек учаскелік комиссияның шыға берісінде және Орталық референдум комиссиясын тиісті түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана жүргізе алады», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.

Жоғарыда көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.