Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Конституция жобасының халықтық сипатқа ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл маңызды құжат ел азаматтарының, әсіресе жастардың болашағына қызмет етеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, Жаңа Конституция жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің де иесі әрі қорғаушысы – жастар. Сондықтан бұл құжат Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын маңызды саяси тұғыр болып саналады.
Президент жастарға арнайы үндеу жасап, Жаңа Конституция жобасы ең алдымен олардың болашағына арналғанын айтты. Оның айтуынша, референдумға қатысу арқылы жастар Отан тағдырына тікелей араласа алады.
«Сіздерге референдумда дауыс беріп, еліміздің тағдырына қатысыңыз бар екенін білдіретін ерекше мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, сіздер Ата заңды қабылдауға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар», – деді Президент.
Мемлекет басшысы уақыт өте келе жастар өмір тәжірибесін жинап, есейген шағында жаңа Ата заңды қабылдауға өз үлесін қосқанын мақтанышпен айта алатынын атап өтті. Оның айтуынша, әр азаматтың таңдауы – бюллетеньдегі жай ғана белгі емес, Халық Конституциясына көрсетілген нақты қолдау.
Президент бүгінде Қазақстанда жастар үшін үлкен мүмкіндіктер бар екенін де айтты. Қазіргі таңда 90 мыңнан астам қазақстандық жас шетелде білім алып жүр. Бұл – мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың айқын көрінісі.
Сонымен қатар жастардың алдында үлкен миссия тұрғаны атап өтілді. Болашақта бірлігі жарасқан, заңға бағынатын, білім мен ғылымы дамыған, мәдениеті жоғары қоғам құру міндеті жас буынға жүктеледі.
Мемлекет басшысының айтуынша, уақыт өте келе Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарқынды дамып, әлемдегі озық елдердің қатарына қосылады. Сол кезде бүгінгі таңда қабылданған шешім әр азамат үшін үлкен мақтанышқа айналады.