Қазақстан Бас прокуратурасы мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды
Бөлісу
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында азаматтарға ресми үндеу жасады. Үндеуде сайлау заңнамасының негізгі талаптары, үгіт жүргізуге қатысты шектеулер және оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінгі таңда сайлау заңнамасын бұзудың 13 фактісі анықталған. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуге байланысты. Барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сайлауалды үгіт 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Дауыс беру алдындағы күні және сайлау күні, яғни 28 және 29 қарашада кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұл ретте бұрын орналастырылған баспа үгіт материалдарын сайлау комиссиялары мен дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрынғы орындарында қалдыруға рұқсат етіледі. Интернетте бұрын жарияланған материалдар да сақтала алады, алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға болмайды.
Сонымен қатар толтырылған бюллетеньдерді фотоға немесе бейнежазбаға түсіруге және оларды дауыс беру күні таратуға тыйым салынады. Аталған талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына қарай 15-тен 35 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.
Бас прокуратура қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалардың нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын және дауыс беруге қатысты өзге де зерттеулерді жариялауға қойылатын шектеулерді де түсіндірді. Мұндай ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда сайлауға дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға болмайды. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайлар мен пункттерде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Үндеуде бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы сақтау қажеттігі де атап өтілді. Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібін, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібін сақтау міндетті. Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контент таратуға жол бермеуге шақырды. Мұндай әрекеттердің сипаты мен келтірілген зиянына қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапкершілік көзделген.
Үндеу соңында Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заң талаптарын қатаң сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға шақырды.
Бөлісу