Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстан Премьер-министрі «Таза Қазақстан» бастамасының бір реттік акциядан мемлекеттік саясатқа айналғанын мәлімдеді

Қазақстан Премьер-министрі «Таза Қазақстан» бастамасының бір реттік акциядан мемлекеттік саясатқа айналғанын мәлімдеді

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 24
cover

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізіп, онда «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу барысы, қалдықтарды басқару және энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда бекітілген қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидатын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Оның айтуынша, жоба бүгінде бір реттік экологиялық акциялар форматынан шығып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатқа айналды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері ел бойынша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, 4 миллионнан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық шығарылды. Оның 115,7 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы басталған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қорында 1 миллиардтан астам көшет пен жас шыбық егілді.

Отырыста Ұлытау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері де өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, абаттандыру, көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту және экологиялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Жиын қорытындысында Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, елді мекендердің нақты өзгеруімен, халықтың экологиялық мәдениетінің артуымен және нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланатынын айтты. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға тұжырымдамада көзделген барлық іс-шараларды уақытылы орындап, жастарды, еріктілерді, қоғамдық ұйымдар мен бизнесті экологиялық жобаларға кеңінен тарту тапсырылды.

Сонымен қатар кеңесте қалдықтарды басқару, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын жаңғырту, энергияны үнемдеу және экономикадағы энергия тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі 30,7 пайызға жеткен. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 пайызға, ал өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуді 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өткен жылы анықталған заңсыз қоқыс орындарының 95 пайызы жойылған. Кәдеге жарату төлемі есебінен 374 млрд теңгеге 68 жоба мақұлданып, олардың 12-сі іске қосылды. Қазіргі уақытта 2 755 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Премьер-министр қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жобаларды жеделдетуді, заңсыз қоқыс орындарын жоюды күшейтуді және жаңа полигондар салу тетігін қысқа мерзімде іске қосуды тапсырды.

Кеңесте энергия тиімділігі мәселесі де көтерілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өнеркәсіп секторында энергия сыйымдылығы 32 пайызға төмендеген. Энергия аудиті шамамен 300 ірі кәсіпорында жүргізіліп, 113 млрд теңгенің энергия үнемдеу жобалары жүзеге асырылды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы қойған міндетке сәйкес, 2029 жылға дейін ел экономикасының энергия тұтынуы мен энергия сыйымдылығын 15 пайызға төмендету қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық өнеркәсіп кәсіпорындары энергия үнемдеу жоспарларын бекітіп, жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Бөлісу