Қазақстан жаңа саяси және экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басты
Бөлісу
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің жаңартылған құрамдағы алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жиында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Үкіметтің жаңа мүшесі — Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант қабылдады.
Отырыста елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері талқыланды. Премьер-министрдің айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңін айқындап отыр. Осыған байланысты Үкімет алдында барлық бағыт бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде іске асыру міндеті тұр.
Олжас Бектенов мемлекеттік басқаруда «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» конституциялық қағидаттарының маңыздылығына тоқталып, Үкімет жұмысы нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті.
«Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек», — деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы жаңа кезеңде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ел дамуына серпін беретін шешімдерді жедел қабылдау қажеттігін атап өтті.
Бөлісу