Қазақстанда 1 745 әскери қызметші білім беру грантына ие болды
Бөлісу
Қорғаныс министрлігінің «Сарбаз 2.0» жобасы аясында биыл мерзімді әскери қызметін аяқтаған 1 745 әскери қызметші мемлекеттік білім беру грантына ие болды. Олардың 1 000-нан астамы жаңа оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға кірісті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Бастама 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және заңнамалық тұрғыда бекітілген. Білім беру грантына белгіленген мерзімді өтеген және негізгі әскери пәндер бойынша жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер үміткер бола алады.

Іріктеу мерзімді әскери қызметтің барлық кезеңінде «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі. Рейтинг қалыптастыру кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртіп, арнайы міндеттерді орындау, психологиялық даярлық және тестілеу қорытындылары ескеріледі. Осы көрсеткіштер негізінде жүйе үміткерлердің рейтингін қалыптастырып, квоталар автоматты түрде бөлінеді.

2025 жылдан бастап конкурс білім беру бағдарламаларының таңдалған тобына сәйкес екі бейіндік пән бойынша тестілеуді қамтиды. Әскери қызметшілер оған қызметтен бос уақытта дайындала алады.

Грант иегерлерінің бірі — Дамир Тұзақбай. Әскери қызметтен кейін ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсіп, «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алып жатыр.
«Жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсетіп, университетке тегін түсу мүмкіндігіне ие болдым. Қазір «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығында білім алып жатырмын. Қорғаныс министрлігінің бұл жобасы жастарға көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп есептеймін», — деді бірінші курс студенті.
Грант берілетін сұранысқа ие бағыттардың қатарында коммуникациялар, орман шаруашылығы, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар бар.
Грант иегерлеріне шәкіртақы тағайындалады. Сондай-ақ оларға жатақханадан орын алуға басымдық беріледі.
Әскерден кейін білімін жалғастыру мүмкіндігі грантпен ғана шектелмейді. Мерзімді әскери қызметтен босатылған азаматтар екі жыл ішінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ақылы негізде ҰБТ және қабылдау емтихандарының нәтижелерін есепке алмай түсе алады.
Бөлісу