Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстанда заңсыз контент таратқан 9 стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қазақстанда заңсыз контент таратқан 9 стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 9
cover

Фото: Министерство внутренних дел РК

Қазақстан Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды SKO24.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым және донат үшін қоғамдық тәртіпті бұзып, тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, қауіпті пранктер ұйымдастырып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен.

Жауапқа тартылғандардың қатарында TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танымал 37 жастағы Астана тұрғыны бар. Ол тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік айыппұл арқалады.

Ал Алматыда «Ақтөре» лақап атымен танымал 32 жастағы стример тікелей эфир кезінде айналасындағыларды қорлап, балағат сөздер айтқан. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Ең резонансты оқиғалардың бірі Шымкентте тіркелді. 20 жастағы тұрғын аудиторияның назарын аудару үшін тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған. Сондай-ақ эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танымал 41 жастағы әйел бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысының 19 жастағы екі тұрғыны TikTok-та донат жинап, аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салғаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІМ азаматтарға интернеттегі анонимді аккаунттардың жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті.

«Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады», – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, «Заң мен Тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де сақталуы тиіс. Министрлік әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контентті анықтау жұмыстарын жалғастырып, мұндай құқық бұзушылықтардың жолын заң аясында кесетінін мәлімдеді.

Бөлісу