Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстандықтар Құрылтай сайлауына зор қызығушылық танытуда – Грузияның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы

Қазақстандықтар Құрылтай сайлауына зор қызығушылық танытуда – Грузияның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 13
cover

Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Георгий Каландаришвили Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауында дауыс беруді ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Оның айтуынша, сайлау үдерісінің ұйымдастырылуына қатысты алғашқы әсері «өте жағымды» болған. Грузиядан келген халықаралық байқаушы сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсібилігі мен даярлығына, сондай-ақ дауыс беру үдерісінің ұйымдастырылуына ерекше назар аударды.

«Сайлауды өткізуге жауапты органның төрағасы ретінде мен бұл үдеріске, әрине, кәсіби тұрғыдан қараймын. Рәсімдердің қаншалықты нақты белгіленіп, дәйекті түрде сақталатынына, учаскелік комиссиялардың дайындығына, сайлаушылардың өз құқықтарын еркін әрі артық кедергілерсіз жүзеге асыра алуына, үдерістің қаншалықты ашық және ұйымдасқан түрде өтіп жатқанына ерекше назар аударамын», – деді Георгий Каландаришвили.

Халықаралық байқаушы сайлау учаскесінің ашылуына қатысып, комиссияның жұмысқа толық дайын екенін атап өтті. Оның бағалауынша, барлық қажетті рәсімдер сақталып, азаматтардың дауыс беруі үшін тиісті жағдай жасалған.

Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы учаскедегі атмосфераға да жеке тоқталды. Оның айтуынша, сайлау барысы өзара құрметке негізделген.

«Сайлаушылардың қызығушылығы жоғары. Адамдардың өз елінің болашағын айқындауға қатысуға мүмкіндігі мен ниеті болған кезде ғана сайлаудың мәні бар. Бұл ретте дауыс берудің бейбіт әрі өзара құрмет жағдайында өтуі маңызды. Сонда әр адам еркін әрі саналы таңдау жасай алады», – деп атап өтті ол.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы айта келе, Георгий Каландаришвили Қазақстан мен Грузияның сайлау органдары арасында тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік бар екенін атап өтті. Перспективалық бағыттардың қатарында сайлау технологияларын қолдану, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, комиссия мүшелерін даярлау, азаматтарды ақпараттандыру, логистиканы ұйымдастыру және сайлау үдерістерінің ашықтығын арттыру бар.

Сөз соңында Георгий Каландаришвили кәсіби диалог сайлау үдерісін тиімдірек, қолжетімді әрі азаматтарға түсінікті етуге, сондай-ақ қоғамның сайлау жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді шешімдерді табуға жол ашатынын атап өтті.

Бөлісу